Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында заманауи Қазақстанның келбетін танытуға мүмкіндік беретін «100 жаңа есім» жобасын ұсынып, тың жоба аясында әр сала бойынша тасада жүрген таланттар таныла бастады.

Биылғы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының ІV маусымы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналды. Аталмыш жобаға еліміздің өркендеуіне өз үлестерін қосып жүрген 3000-ға жуық үміткер өтініш беріп, соның ішінен оқ бойы озық шыққан 30 қатысушы жеңімпаз атанды. Солардың қатарында «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының «Білім» номинациясы бойынша жеңімпазы, ұстаз Роза Керімбекова бар.
1968 жылы 8 қарашада қазіргі Түркістан облысы Төле би ауданы Көксәйек елдімекенінде дүниеге келген Роза Керімбекова көп балалы отбасында өседі. Ол туғаннан мүмкіндігі шектеулі жандардың қатарынан болса да ешуақытта тағдырына налыған емес. Қайта жігерін жанып, үнемі алға ұмтылды. Өмірін білім жолына арнаған ата-анасын үлгі тұтқан Роза да мұғалім мамандығын таңдайды.

«Өмірдің әр жолы: мектеп, жоғарғы оқу, қызмет орны, әрбір жаңа орта – мен үшін үлкен күрес... Мен ешкімнің аяп, мүсіркеп қарағанын ұнатпадым. Көп ізденіп, өз еңбегіммен жеке тұлға екенімді дәлелдегім келді. Осы талпыныс мені бәсекеге қабілетті, сұранысқа ие ұстаз етіп шығаруға жетеледі», – дейді ол.
Р.Керімбекова отыз жылға жуық уақыттан бері Шымкент қаласындағы М.Х. Дулати атындағы үш тілде оқытатын №8 мамандандырылған гимназияда бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет етіп келеді. Осы күнге дейін қаншама баланың сауатын ашып, білім нәрімен сусындатқан ұстаз 2004-2010 жылдар аралығында «Бастауыш сынып әдістемелік бірлестігіне» жетекшілік етеді. Бүгінде осы бірлестіктің менторы ретінде әріптестерімен білгенімен бөлісіп, тәжірибе алмасып отырады. Баланың жүрегіне жол табу – бар ұстаздың міндеті екені анық. Роза да жұмысына аса жауапкершілікпен қарайды.
«Заманымыздың заңғар жазушысы М.Әуезов «Аудиторияға кірген әрбір ұстаз ұстаз емес, алдында отырған оқушысының жүрегінен орын алғанда ғана ұстаз деп айтуға болады» деген екен. Ұстаз деген қасиетті сөзді естігенде өзіме қандай жауапкершілік жүктелгенін шын жүрекпен сезінемін. Өйткені алдымда отырған әрбір бала үшін мен жауаптымын. Ал, шәкірт үшін ұстаздан асқан ақылды, білімді адам болмайды. Кез келген адам мұғалім мамандығын алып шығуы мүмкін, бірақ нағыз ұстаз болу үшін үлкен еңбек пен төзімділік қажет», – дейді Р.Керімбекова.
Бүгінде ұлағатты ұстаздың еңбегі де еленген. Оның шәкірттері білім деңгейін шыңдау мақсатында қалалық «Алтын ұрпақ», «Алтын қыран», «Зерде» республикалық ғылыми жобалар конкурсының, математикалық «Самұрық», халықаралық «ПОНИ» интеллектуалдық сайыстарға, тағы басқа түрлі пәндік олимпиадаларға, байқауларға қатысып, бас жүлделерді еншілеп жүр. Жемісті жұмысының нәтижесінде ол РНПЦ «Дарын» орталығынан «Оқушыларды ғылыми зерттеу жұмыстарына дайындағаны үшін», Облыстық білім беру басқармасынан «Зерде» республикалық ғылыми жобалар конкурсының жеңімпаздарын дайындағаны үшін Алғыс хаттар алған. Сондай-ақ «Жылдың үздік авторы – 2021» І дәрежелі дипломы, «Халықаралық ғылым мен білімді қолдау орталығы» Құрмет грамотасымен марапатталған. Оған қоса, халықаралық, республикалық, облыстық және қалалық басылымдарда мақалалары жиі жарияланып тұрады.
«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Роза Керімбекова аталмыш жобаның білім беру саласында одан әрі үздіксіз қарқынды қызмет етуіне жаңаша қанат бітіргендігін айтады.
«Бұл жыл – мен үшін бір ерекше жыл болды. Жақында ғана Елбасымыздың бастамасымен қолға алынған «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы болу – өте үлкен мәртебе! Жобадағы жеңіс менің бәсекеге қабілетті екенімді көрсетіп, білім саласындағы барлық жаңа бастамалар мен елеулі өзгерістерге құлшына кірісуге жігерлендірді. Енді жетістікке жеттім деп тоқмейілсінбей, еліміздің білім беру саласындағы әрбір жаңаша бастамалардың жүзеге асырылуына үлесімді қосамын», – деп ой бөлісті Р.Керімбекова.