Ешқашан мойымайтын адамдар – бұл жетістікке жететін адамдар. Қоларбада отырып бал билерін орындаудан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Малика Мұқтарова өзінің талантымен ғана емес, сонымен қатар ерекше табандылығымен, қиындықтарға қасқая қарсы тұра білуімен де қазақстандықтардың жүрегін жаулап алды. 2000 жылы дүние дидарын ашқан қыздың туабітті мүгедектігін байқаған дәрігерлер қара аспанды төндіреді. Алайда мақсатшыл, көрікті, талантты нәзік жанның тағдыр жолындағы жарқын сәттері осылай басталған.
Малика Мұқтарова – Қазақстанның сегіз дүркін чемпионы, Әлемнің екі дүркін қола чемпионы, Қостанай облысы жастары Алтын кітабының жүлдегері, «Жан Шуақ» қоры және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры сыйлығының лауреаты. 2019 жылы Малика «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына қатысып, «Спорт» номинациясы бойынша жеңіске жетті.
Қоларбамен спорттық бал билерінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Малика, қазір Қостанай педагогикалық университетінің музыкалық бөлімінің 3-ші курсында оқиды. Оның шығармашылық таланты балалық шағынан басталып, 7 жасында алғаш рет өнер көрсетті. Ол Қазақстан астанасында өткен вокалдық байқауда жеңіске жетті. Ата-анасының, мұғалімдерінің, достарының жан-жақты қолдауының арқасында ол белсенді әрі еңбекқор тұлға болып қалыптасты. Вокалдық байқауда жеңіске жеткеннен кейін, Малика мүмкіндігі шектеулі адамдардың «Үміт – Надежда» қоғамдық бірлестігіне кірді. Онда оның талантының жаңа қырлары ашылып, ол би әлеміне қадам басты.
«Мүгедектер арбасындағы бал билері туралы менде түсінік болған жоқ, бірақ спортшылардың жаттығуларына барғаннан кейін олардың қаншалықты әдемі қозғалатынына таң қалдым. Сол кезде Қазақстан Кубогына дайындық жүріп жатты, бишілер еліміздің түкпір-түкпірінен келді. Мұндағы атмосфера мені қатты баурап алғаны соншалық, осындай да керемет болады екен-ау деп ойладым!»,- дейді Малика.
Сүйікті ісі спортта жарқын жетістіктерді жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Табандылықтың, үздіксіз жаттығудың және жеңіске деген ұмтылыстың арқасында Малика бір жыл ішінде керемет нәтижелерге қол жеткізді. 2015 жылы облыстық чемпионатта бойжеткен алтыннан алқа тақты.
2016 жылы Қазақстанның республикалық чемпионатындағы күміс медаль халықаралық жарыстарға жол ашты – Малика Қазақстанды Санкт-Петербургтегі Әлем кубогында /құрлықтар кубогында таныстырып, қола медальді жеңіп алды. Сол жылы Тайбэйде (ҚХР) өткен Азия чемпионатында 2 алтын медальға ие болды.
Күнделікті жаттығулар мен жаңа биіктерге ұмтылу жалғасын тапты. 2017 жылы Малика Қазақстанның бес дүркін чемпионы атанды. 2018 жылы Франкфуртте (Германия) өткен чемпионатта 4 алтын медаль жеңіп алды. Сол жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының сыйлығымен марапатталды.
Әр жыл Малика үшін – жеке тұлға, спортшы және мықты адам ретінде дамудың жаңа кезеңі. 2019 жылы ол Голландияда өткен ашық чемпионатта екі күміс медаль жеңіп алды. Бүгінде Малика университетте білім нәрімен сусындауда әрі бимен айналысуын жалғастырып келеді. Оның ұраны: «Мойымау!». Ол өзінің өмірге деген махаббатын айналасындағылардың бәрімен бөліседі. Адам үшін мүмкін емес нәрсе жоқ екенін оның биіне қарап аңғаруға болады.
Малика адамға деген шексіз сүйіспеншілік пен сенімнің үлгісі деп әжесі Ұлболғанды санайды. Кезінде дәрігерлер нәрестенің денсаулығы мен болашағына қатысты жағымсыз болжам айтқанда, өжетті әжесі: «Қайдағыны айтпаңдар! Болашақта ол өзінің атын әлемге танытатын болады» деп батырып айтқан екен. Аузы дуалы әжесінің айтқаны келді. Бүгінде Малика Мұқтарованың есімі елден бөлек шетелге де танымал.
Өз күшіне күмәнданатындарға Маликаның кеңесі: «Мойымау! Мен үнемі өзіме айтамын: «Мен болмасам, кім». Алдымызда қандай кедергілер мен тосқауылдар болмасын ешқашан «менің қолымнан келмейді» деп қол қусырып қарап отыруға болмайды. Әрдайым және барлық жағдайда өзіңе сену керек!».

