«ҰЛЫ ДАЛА ТАРЛАНДАРЫ». КОМПОЗИТОР РАХАТ-БИ ӘБДІСАҒИН

Бүгінде «Қазақтың Моцарты» атанған Рахат-Би Әбдісағин  – пианист, композитор, өнертану ғылымдарының магистрі «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, 100-ден астам музыкалық шығармалардың авторы, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» ұлттық жобасының жеңімпазы.

Ұлтымыздың музыка өнерін әлемдік деңгейде насихаттап жүрген Рахат-Би Төлегенұлы 13 жасында студент, 18 жасында өнертану ғылымының магистрі атанды.

Оның туындылары Бах, Моцарт, Гайднадан бастап, қазіргі классиктерге дейінгі  әлемдік классикалық шедеврлерді жинайтын  Оңтүстік Иллинойса университетінің (АҚШ) «Discography» оркестрімен фортепианоға арналған туындыларды орындайтын әлемдік қордың қоржынына  енген.  Ол заманауи музыкаларды орындаушылар мен композиторлардың халықаралық академиясының ең жас қатысушысы: Impuls (Грац, 2013, 2015, 2017), ISA (Мюрццушлаг, 2015), KlangZeitMünster (Мюнстер, 2016), ең жас лектор ICTM 2015.

Рахат-Би Әбдісағиннің шығармаларын Еуропа, Азия және Американың симфониялық оркестрлары мен камералы ансамбльдері, атақты солистер орындайды. Оның шығармаларының әлемдік премьерасы Прага, Лондон, Вена, Париж, Берлин, Сеул, Анкара, Стамбул, Мәскеу, Рогашке-Слатине, Бергамо, Аркейе, Аликанте, Алматы және Астана қалаларында өтті.  Жас әрі талантты композиторға шетелдік сыншылар «қазақтың нағыз ғажайып құбылысы, мінезінде амбициясы қолында ерекше күші бар асқан шебер пианист» деген баға берді.

 Мәскеу қаласындағы «Композитор» баспа үйінен Рахат-Бидің «God’s dwelling»  және «Over the vault of depth» атты симфониялық картиналарының партитуралары шықты. Бүгінде ол әр жыл сайын 24 елден 200-ге жуық әлемге әйгілі музыканттар мен педагогтар қамтылған П.И.Чайковский атындағы жасөспірімдер конкурсының әділқазылар мүшесі.

Рахат-Би Төлегенұлы Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы 17 жасында ТМД парламентаралық Ассамблеясының «Мәдениет пен өнерді дамытудағы ерен еңбегі үшін» құрмет белгісімен марапатталған ең жас композитор.

Пианист пен композитор Рахат-Би Әбдісағин бір сұхбатында  әр адамның мақсаты өз қолында екенін айтып, ой бөліскен екен: «Адамның мүмкіндігі шексіз және менің «100 жаңа есім» жобасы бойынша әріптестерімнің үлгісі оған дәлел. Сағат механизмі көптеген бөлшектерден құралғаны белгілі, қаншалықты тамаша әрі жетілген болса да, олар бөлшек болып қала береді. Оларды бірге жинап, дұрыс үйлестіре алатын сағатшы керек. Тек сонда ғана бұл бөлшектер толық жарамды атқарымдық механизмге, өнер туындысына айнала алады. Адамның өзі сағатшы тәрізді өзінің білімін мақсаттары мен табиғи шамасына қарай жинастыруы керек».

Елбасы кітапханасында өтетін дәстүрлі семинар-тренингтің қатысушысы №50 мектептің 10 сынып оқушысы Есен Құлымбет  «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздарымен жүздесудің маңыздылығы туралы ой бөлісті.  

–Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Қазақстанның 100 жаңа есімі» туралы өз ойын айтқан болатын. Аталмыш жоба жүзеге асқаннан бері біз қоғамдағы барлық саланың өкілдері: дәрігерлер, кәсіпкерлер, ғалымдар, мұғалімдер, спортшылар, өнер қайраткерлері және өзге де салада өнегелі еңбек етіп жүрген адамдар арасынан үздіктерін танып-біліп жатырмыз. Жоба жеңімпаздарының жеткен жетістіктері мен тәжірибелері біз секілді ел жастарын қанаттандырады. Болашақта біз де жақсы оқып, мемлекетіміздің жаңа есімі қатарынан көрінуге күш салатын боламыз.

Ал елордадағы №74 мектеп-гимназиясының 10 сынып оқушысы Дильназ Махамбетова «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы қазақ қоғамы үшін қажетті жоба екенін тілге тиек етті.

«Бұл жобаның жастар үшін, әсіресе біз сияқты мектеп оқушылары үшін пайдасы көп. Себебі үлкен өмір жолына қанат қағатын жастар, көбіне  мамандық таңдауда ойы оңға бөлініп, қиналып жатады. Елімізде бұл жоба жүзеге асқалы бері жасөспірімдердің де жүгі жеңілдегендей. Өйткені жеңіске жеткен әрбір азаматтың өмір жолы – жастарға, яғни, біздерге жол нұсқар темірқазықтай. Жастар жылында да осындай қажетті жобалар көбейсе деймін.