«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының «Спорт» номинациясы бойынша жеңімпазы қазақстандық даңқты ауыр атлетшілер – Снегуровтар әулетінің жалғастырушысы – Иван. Ол 1988 жылы Қарағанды облысының Шахтинск қаласында дүниеге келген. Оның атасы – Николай Николевич ауыр атлетикадан спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Олимпиада чемпионы, әлем рекордсмені – Виктор Мазинді тәрбиелеген. Иванның әкесі де ауыр атлетикадан спорт шебері, жоғары санатты жаттықтырушы, сондай-ақ Қазақстан мен Азияның чемпиондары мен жүлдегерлерін баптаған.

Бала кезден Иван махаббатқа қанып, спортты қастерлеп өсті. Оның отбасы 1996 жылы қалаға қоныс аударады. Әкесі Қарағанды қаласындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде ауыр атлетикадан жаттықтырушы болып жұмыс істегендіктен, жарыстар, турнирлер, медальдар, шарықтау мен құлдырау – осының бәрі Иванның көз алдында өтті. Ол көп нәрсеге қызықты, соның ішінде спорттың футбол, баскетбол, күрес, бокс түрлерімен айналысып, оның артықшылығы мен мүмкіндіктерін ажырата білді.

Иван үлкен спортқа қалай қадам басқанын былайша еске алады: «Бірде 2000 жылы әкем мені облыстық чемпионатқа ертіп апарды, онда мен сияқты жігіттер өнер көрсетті, маған ең мықты атлеттің медаль мен жүлде алып, көпшілікке танылғаны ұнады. Жарыстан кейін үйге қайтар жолда әкеме онымен бірге жаттығып, мықты атлетші болғым келетінін айттым. Әкем бұл ұсынысымды қуана қолдады. Менің ауыр атлетикадағы алғашқы жолым осылай басталды».

2002 жылы Иван спорт шеберіне кандидат нормативін орындап, 2003 жылы Қазақстан Республикасының спорт шебері және жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатының жүлдегері атанды. Еңбекқорлығы мен жеңіске деген құштарлығының арқасында жас жігіт бірнеше рет Республика чемпионаттары мен кубоктарының чемпионы және жүлдегері болды. Алайда, спорт өмір сүрумен қатар жаныңа батып тұрса да жылы жымиюға үйретеді. 2008 жылы Иван тізесінен ауыр жарақат алып алып, спортпен қоштасуына тура келді.
Бұл сынақ оның үздік болам деген үмітін өшірген жоқ. Тағдыр аяғын тұсауласа да тауы шағылмаған Иван 2006 жылы Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетіне «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша оқуға түсті. Оған қоса, жаттықтырушы болып жұмысқа тұрды. Университетті тамамдағаннан кейін Иван жаттықтырушы қызметіне біржола бет бұрады.

«Спорт жаттықтырушысының жұмысы – тек залдағы жаттығу ғана емес, оған қоса, бұл – нағыз чемпиондарды өсіруге мүмкіндік беретін стратегиялық ойлау. Оны дамыту үшін көп оқыдым, Қытай, Түркия, Болгарияның тәжірибесін талдадым, бірақ негіз ретінде кеңес мектебінің тәжірибесін алдым», – дейді Иван. Сәтті ойластырылған стратегия өз жемісін берді. Көп ұзамай-ақ Иван Снегуровтың тәрбиеленушілері ел чемпионаттарында да, әлем біріншілігінде де жақсы нәтижелер көрсете бастады.
2014 жылы Иванға жоғары жаттықтырушы санаты берілді, ал үш жылдан кейін ол Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген жаттықтырушысы атағын алды.

Бүгінде Иван Снегуров спорт әлемінде беделді әрі мақсатты жаттықтырушы ретінде танымал. Оның қоржыны жоғары марапаттарға толы – бұл оның шәкірттері әлемдегі ең айтулы спорттық жарыстарда жеңіп алған медальдар. Олардың арасында есімдері танымал Әсем Садықова, Артем Антропов, Игорь Шварц, Любовь Ковальчук, Айша Омарова және т.б. ауыр атлетшілер бар.
Жаттықтырушы Иван Снегуровтың басты мақсаты – Олимпиада чемпиондарын тәрбиелеу және Қазақстанның спорттық беделін жоғары деңгейге көтеру.