ҰЛЫ ДАЛА ТАРЛАНДАРЫ. ДИНА БАЙТАСОВА

Дина Байтасова бейнелеу өнерінің әлемін балалық шағында ашты. Он екі жасында анасы қызын Ә.Қастеев атындағы музей жанындағы изостудияға ертіп келеді, ал он алты жасында ол Луврда, Помпиду орталығында, Орсэ мұражайында болды.

Бүгінде Дина танымал қазақстандық өнертанушы, елордадағы заманауи өнер галереясының негізін қалаушы. Оған қоса, ол республикалық «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының мәдени саласы бойынша жеңімпазы.  Елбасының бастамасымен қолға алынған жоба өнертанушыға жас қазақстандық суретшілердің есімдерін кеңінен ашуға, Қазақстанның заманауи арт-саласының сұрақтары мен проблемаларын көтеруге мүмкіндік берді.

Еліміздің бейнелеу өнері саласындағы жаңа есімдердің танылуын Дина Байтасова өзінің басты миссиясы деп санайды. Ол жас суретшілерді қолдауға, олардың дамуына ықпал етуге ұмтылады. Париждегі Сорбонна университетін  бітіргеннен кейін Дина Нұр-Сұлтанда заманауи өнер орталығын ашуды мақсат тұтады. Өз ойын жүзеге асырған оның бүгінде THE Art Destination галереясында қазақстандық және шетелдік суретшілердің туындылары қойылған, коллекциялар қалыптасуда, білім беру бағдарламалары өткізілуде. Екі жыл ішінде 15-ке жуық көрме ұйымдастырылып, оны мыңдаған қала тұрғындары тамашалады.

 «Әсіресе, жас ұрпақтың қызығушылығы қуантады. Мұны жаппай үрдіс деп айтуға болмайды, әсіресе коммерция жағынан, бірақ келіп жаңа дүниені көру көпшілікке қызықты»,-деп атап өтті Дина Байтасова.

Галереяның басты міндеті – білім беру бағдарламасы. Мұнда сексенге жуық тегін іс-шаралар – дәрістер, шеберлік-сыныптар, пікірталастар және суретшілермен кездесулер өткізілді. Бағдарлама ересектерге де, балаларға да арналған. Барлық топтармен сабақтарға оқушылар мен студенттер келеді. Ең маңыздысы, олардың арасында аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар да бар. Астана әкімдігімен бірлесіп, өңірлерден келген балалар үшін галереяға турлар ұйымдастырылды. Айтпақшы, мұнда өнер, дизайн және фотосуреттер бойынша 500-ден астам кітап ұсынылған қоғамдық Арт кітапханасы жұмыс істейді.

Динаның үлкен ұйымдастырушылық қабілеті бірнеше рет атап өтілді. Ірі жобалардың бірі сәтті ұйымдастырылғаннан кейін, оған «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына қатысуға ұсыныс түсті. Жаңа серпін, жаңа мүмкіндіктер – әрбір шығармашылық адамға қажет. Дина Байтасова көрсетілім мен көрмелер ұйымдастыру жолындағы белсенді қызметін жалғастыруда. Оның мақсаты – Ұлы дала елінің заманауи өнерін халықаралық алаңдарда көрсету. Дина әлем суретшілерінің Қазақстанға қызығатынына сенімді. Ал Нұр-Сұлтанда оның футуристік сәулеті мен ежелгі дәстүрімен Аниш Капур, Олафур Элиасон, Марина Абрамович, Йоко Оно сияқты әлемге әйгілі шеберлер қойылуы мүмкін.

«Заманауи өнер – бұл біз өмір сүріп жатқан әлемнің осы сәттегі және қазіргі көрінісі. Бұл уақытпен бірге жүретін өнер. Бұл инновациялар, саясат, тарих, философия және т.б. түрлі көрнекі формалардың призмасы арқылы көрінеді. Мен үшін өнер – қалыптасуы бала кезден бастау алатын өзіндік ойлау түрі», - деп атап өтті Дина Байтасова.

 «Ұлы дала тарландары» – Елбасы кітапханасының Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын қолдауға бағытталған арнайы ақпараттық жобасы. Бұл өзін-өзі дамытып, еңбек етіп, халыққа аянбай қызмет етуге ұмтылған «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына қатысушыларының жетістіктерінің тарихы. Жобаның басқа жеңімпаздары туралы материалдармен Елбасы кітапханасының ресми сайтының жаңалықтар бөлімінде танысуға болады.