ҰЛЫ ДАЛА ТАРЛАНДАРЫ. АЛДИЯР ЖҰМАЖАНОВ

Қазақстандық Алдияр Жұмажанов он жеті жасында мұнай кәсіпшілігін үйрену үшін Қытайға барған. Жігіт шетелдік университетті сәтті бітіріп, бірнеше тілді меңгеріп, өзінің еңбегі мен табандылығының арқасында әлемдегі ең сұранысқа ие мамандықтардың бірін игере алды. Бүгінде Алдияр Жұмажанов IT технологиялар саласындағы танымал маман, мобильді ойындардың табысты әзірлеушісі, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының «Мәдениет» номинациясы бойынша жеңімпазы.

Алдияр бала кезінен видео-ойындар мен тіркемелерге қызыға бастайды, ал жоғары сыныпқа келгенде осы саламен болашағын байланыстыратын біледі. Болар баланың бетін қақпай, белін буатын ата-анасы оның барлық құлшынысын қолдап, кітап оқу, киім алу, музыка тыңдауда да  үнемі ақыл-кеңестерін аямайды. Оның болашақ мамандығын таңдауда да осы өмірді сыйлаған абзал жандардың рөлі ерекше болды.  Алдияр Жұмажанов туған-туыс пен жақын жандармен жақсы қарым-қатынаста болу өте маңызды деп санайды. Сондай-ақ, ол қазіргі жастардың алтын уақытта өмір сүріп жатқындығын айтады. Өйткені жастар үшін әлемнің кез келген университетінің есігі ашық және онда әркімге әр түрлі стипендиялар беріледі. Мұның бәрі мол мүмкіндік.

«Құжаттар тапсырып, мотивациялық хаттар жазып, іріктеудің бірнеше кезеңінен өтіп, армандағы стипендияның иегері атануға болады. Цифрлық технологиялар ғасырында білім алу үшін тек интернетке қолжетімділік, шыдамдылық, табандылық және оқуға деген ынта қажет. Бәсекеге қабілетті болу үшін кем дегенде екі шет тілін білу керек, екі жоғары білім және екі түрлі мамандықты игеру қажет. Сеніңіз, бұл сіздің еңбек нарығындағы сұранысыңыздың абсолютті кепілі», - деді Алдияр.

Аспан асты елінің данагөйлері былай дейді: «Түзу аяқ қисық етіктен қорықпайды». Қытайда бастапқы кездері Алдияр көп еңбектенді. Ең қиыны қытай тілін меңгеру болды. Тілді үйренудің жалғыз жолы – жаттау, бұл шамамен 5 мың иероглиф, дейді Алдияр:

«Бала кезімде Джеки Чан түскен фильмді көрген сәттен бастап Қытайға қызыға бастадым. Мен үнемі осы халықтың тарихын, мәдениетін егжей-тегжейлі білгім келіп тұратын. Қытайдағы адамдар аса талантты болмаса да жетістікке жету жолында өте табанды әрі ынталы келеді. Таңғы бестен тұра сала тірлікке кіріседі. Олар өте еңбекқор әрі шыдамды – бұл олардың күші».

Қазіргі уақытта Алдияр Жұмажанов жетекші қытайлық компаниялардың бірінде бөлімше басшысы ретінде жұмысын жалғастыруда. Оның Нидерланды, Чехия, Украина, Нигерия, Оңтүстік Кореядан көптеген университеттік достары бар. Ол Қытайдың әрбір провинциясынан кәсіппен айналысатын, оқитын, жұмыс істейтін немесе жай ғана саяхаттайтын қазақстандықты кездестіруге болатынын айтады.

Өз биігін бағындырып, табысқа жетуді армандайтын барлық жас қазақстандықтарға Алдияр қарапайым әрі өтімді кеңес береді: «Ерте тұрыңыздар, көп оқыңыздар, спортпен шұғылданыңыздар, тілдерді үйреніңіздер. Жастық шақ барлық қателіктерді кешіреді, әрқашан бәрін жаңадан бастауға мүмкіндік бар. Өмір өз мүмкіндігіңді барынша пайдалану үшін беріледі, ал жастардың артықшылығы –  әрдайым карт-бланш болатындығында, сондықтан армандау  мен мақсатқа жетуді тоқтатпау керек».

«Еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев бастамашы болған «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына қатысу мен үшін үлкен мәртебе. Мені қолдаған барлық қазақстандықтарға алғысымды білдіремін. Бұл жоба қазақстандық бизнестің назарын мобильді қосымшаларға, IT-білім саласына аударуға мүмкіндік береді. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» – бұл қазақстандықтардың жетістіктерінің картасы, бүгінде өз өмірін және бүкіл қоғамды жақсы жаққа өзгертетін миллиондаған жастар үшін нақты бағдар», - деп атап өтті Алдияр Жұмажанов.