Мемлекет басшысы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында: «Өз жазуы мен мифологиясы бар Қазақстанның ежелгі тұрғындарының озық мәдениеті болды. Олардың мұрасының жарқын көрінісі, көркем болмысы мен рухани байлығының айшықты белгісі – «аң стилі өнері». Жануарлар бейнесін тұрмыста пайдалану адам мен табиғаттың өзара байланысының символына баланып, көшпенділердің рухани бағдарын айқындап отырған», - деп, ерекше атап өтті.

«Аң стилінде» орындалған Астана қаласындағы белгілі мүсіндердің бірі – «Жер-ана» монументі. Ірі бұқаның үстінде тұрған сақтар мен массагеттердің ел билеген Тұмар ханшайымы ұлтарақтай жеріне дейін жаудан қорғап қалған ежелгі билеушілердің даналығы мен ержүректігін бейнелейді. «Ханшайым» деп аталатын мүсіндер тобының бірін танымал суретші, мүсінші және зергер Даши Намдаков жасады. Заңғар мүсін 2008 жылы Президенттік мәдениет орталыққа (қазіргі ҚР Қарулы күштері Әскери-тарихи музейі) қарама-қарсы орнатылды.

Даши Намдаковтың еңбектері әлемге белгілі және Германия, Франция, Бельгия, Швейцария, Финляндия, Жапония, АҚШ, Тайвань елдерінің жеке топтамаларында сақтаулы. Д.Намдаковтың айтуынша, суретшіні Ұлы даланың аңыздары рухтандырады екен. Оның кез келген туындысынан «аң стилін» байқауға болады. Осы жауһарлар бүгінде РФ президенті В.Путин, бизнесмен Р.Абрамович, ГФР бұрынғы канцлері Г.Шрёдер, актриса У.Турман сынды және басқа да әлемдік саясаткерлер мен атақтылардың көзайымына айналған.

2011 жылы Елбасының жеке коллекциясын Даши Намдаков жұмыстарының фотоальбомы толықтырды. Суреттерде Ұлы даланың ежелгі халқының мәдениеті аңдар, аңшылар, дала арулары және көшпенді жауынгерлер кейпінде бейнеленген. Оған дейін, 2007 жылы шебер Президент Н.Ә.Назарбаевқа естелік ретінде өз қолтаңбасымен кітабын тарту еткен болатын.

Археологтардың қазба жұмыстары адамзат алдында заманауи суретшілерге шабыт сыйлайтын Ұлы дала шеберлерінің жаңа жауһарларын үздіксіз ашуда. Мемлекет басшысы өз мақаласында атап өткендей: «...аң стилі бабаларымыздың айрықша жоғары өндірістік тәжірибесі болғанын көрсетеді. Олар оюлап кескіндеуді, металмен жұмыс істеудің техникасын, соның ішінде, мыс пен қоладан балқымалар жасаудың және құймалар құюдың, жайма алтын дайындаудың күрделі әдістерін жақсы меңгерген... Бұл жауынгер талай тылсым құпияның бетін ашты. Біздің бабаларымыз әлі күнге дейін өзінің асқан көркемдігімен тамсандыратын аса жоғары деңгейдегі көркем дүниелер жасаған. Жауынгердің алтынмен апталған киімдері ежелгі шеберлердің алтын өңдеу техникасын жақсы меңгергенін аңғартады. Сонымен бірге бұл жаңалық Дала өркениетінің зор қуаты мен эстетикасын әйгілейтін бай мифологияны паш етті».
