«ҰЛТТЫҢ ҰЛЫ ҰСТАЗЫ» АТТЫ ӘДЕБИ САҒАТ

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті кітапханасында қазақтың ақыны, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы және қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған «Ұлттың ұлы ұстазы» атты әдеби сағат өтті. 

Әдеби кешке Астана қаласының Ф. Оңғарсынова атындағы №77 мектеп-гимназиясының 8 сынып оқушылары және қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімдері қатысты.

Іс-шара аясында  Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен қызметі туралы презентациясы ұсынылып, ұлы ғалымның шығармашылығына арналған арнайы кітап көрмесі ұйымдастырылды.

«Әдеби сағат» жобасының мақсаты Кітапхананың кітап қорын пайдалана отырып, Қазақстанның тарихы мен мәдениетімен тығыз байланысты есте қаларлық және атаулы күндерді жариялау, қазақ әдебиетінің дамуына елеулі үлес қосқан ақындар мен жазушылардың шығармашылығын дәріптеу, ұлттық әдебиеттің рөлін арттыру болып табылатынын естеріңізге сала кетейік.

 

Анықтама:

Ахмет Байтұрсынұлы (1872-1937 жж.) – 1872 жылы 5 қыркүйектe қазіргі Қостанай облысы, Жангелді ауданы Сарытүбек ауылында дүниеге келген. Қазақтың ақыны, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы және қоғам қайраткері, қазақ халқының ХХ ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, мемлекет қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы және Алаш-Орда өкіметінің мүшесі.