Бүгін Елбасы кітапханасында Көпсалалы колледж студенттері мен Нұр-Сұлтан қаласының №№13,10 мектептерінің 7-8 сынып оқушыларына «Теңге – тәуелсіздігіміздің нышаны» дәрісі өтті. Тыңдаушылар Қазақстан аумағындағы ақша айналымының тарихымен, ұлттық валюта – теңгені шығару және енгізу кезеңдерімен танысты.

«Тәуелсіз Қазақстанның отыз жылдық шежіресінде төл теңгесінің болуы – сындарлы шешім. Ұлттық валютаның енгізілуімен ел қаржылық еркіндікке ие болды. Бүгінде теңге тәуелсіздіктің экономикалық негізі, егемендіктің маңызды символы, жаңа тарих пен болашақтың толыққанды бөлігіне айналды», – деп атап өтті Әлеуметтік-гуманитарлық және білім беру жобалары қызметінің ғылыми қызметкері Дәметкен Кушунова сабақ барысында.
Оқушылар мен студенттер қазақстандық ақша бірлігінің халықаралық нарықта танылуы мен шетелдік сарапшылардың теңгені ТМД мен Орталық Азия кеңістігіндегі ең сенімді және тұрақты валюталардың бірі деп санайтындығы туралы мол ақпарат алды.
Сабақ барысында Елбасы кітапханасы музейінің қорынан алынған архивтік фото - және бейнематериалдар пайдаланылды.