2018 жылдың 15 наурызында Елбасы кітапханасы Музейінде С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің студенттеріне «Бірегейлік және ұлттық сана – жаңаша үлгідегі жаңғырудың шарттары» дәрісі өтті.
Дәріскер, Елбасы кітапханасы директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Ботагөз Қайыпова Мемлекет басшысы Н. Ә. Назарбаевтың стратегиялық бастамалары Қазақстанның үлгісіне айналған этносаралық және конфессияаралық келісімнің мықты негізі болғанына тоқталды.

– Қазақстанның жалпыұлттық идеясына енгізілген азаматтық ұлттар идеясы қоғамның ішкі қауіпсіздігі мен тұрақтылығына ықпал етеді. Азаматтық ұлттарды адамдардың этносаралық қауымдастығы ретінде қалыптастыру этникалық топтардың көзқарастары мен құндылықтарындағы қайшылықтар мен шиеленістерді басуға өз ықпалын тигізетіні сөзсіз. Қазақстандағы бұл үдерістің маңызды нәтижесі кемелденген азаматтық қоғам құруымыз керек, – деді Ботагөз Мұттахиденқызы.
Сабақта Елбасы кітапханасы Музейінің қорынан алынған Мемлекет басшысының ұлтаралық келісімді нығайтудағы рөлін айшықтайтын ерекше жәдігерлер қолданылды.
Дәріс барысында студенттер ұлттық сананы жаңғыртудың мәселелері мен жетістіктері туралы өз пікірлерін айтты.

С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің оқытушысы Динара Жақсыбаева өзекті әрі танымдық дәрістің ұйымдастырушыларына алғысын білдірді:
– Сабақ барысында қолданылған тренинг элементтері студенттерге этносаралық қауымдастықтардағы түрлі қарым-қатынас мәдениетімен танысып, сонымен қатар Елбасының сындарлы ұлттық саясатының нәтижесін талдауға мүмкіндік береді.