1930 жылы 15 тамызда халық әртісі, белгілі композитор, қайраткер, Шәмші Қалдаяқұлының туғанына 90 жыл болды.
«Бүгін еліміздің Әнұраны «Менің Қазақстаным» әнінің авторы, ұлт руханиятына талай сырлы саз бен әсем әуен сыйлаған композитор Шәмші Қалдаяқұлының туғанына 90 жыл толды. Шәмші шығармашылығы – ұлттың баға жетпес байлығы. Оның туындыларын кеңінен насихаттау – бүгінгі ұрпақтың парызы», - деп мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter парақшасында жазған болатын.
«Қазақ вальсінің падишасы» атанған Шәмші Қалдаяқұлының мұрасы – халқымыздың рухани өмірі мен музыкалық мәдениетіндегі баға жетпес қазына. Қазақтың бағына туған, дарын иесі ұлтымыздың музыка қоржынына ауыз толтырып айтарлық үлес қосып кетті. Бүгінде қазақ музыкасын Шәмшісіз елестету тіпті де қиын. Оның шабытымен шалықтап шыққан талай туындысы қарапайым қазақты әнге баулыды. Қазақ саз өнерін көптеген лирикалық әндермен байытқан дарын иесі біршама шығармалардың авторы. Солардың ішінде «Ақ сұңқарым», «Қара көз», «Қайықта», «Ақ бантик», «Ақ маңдайлым» сынды әндердің орны бөлек. Әр ән өзінше бір тарихты баяндайды.
Ол – қазақ елінің көк байрағымен үйлесім тауып, мемлекеттік рәмізімізге айналған Әнұранның композиторы. Қалдаяқұлы шығармашылығының маржанына айналған «Менің Қазақстаным» әні 2006 жылы 11 қаңтарда Мемлекеттік әнұран ретінде Ақордада президенттік сайлаудың ұлықтау рәсімінде орындалды. 28 жыл бұрын бақилық болған қазақ халқының ұлы композиторы артынан өшпес мирас қалдырғаны хақ.
Оның 90 жылдығына орай елімізде бір қатар іс-шаралар ұйымдастырылды. Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі дайындаған Шәмші Қалдаяқұлы әндерінің халықаралық фестивалін онлайн-көрсетіліммен жарияласа, «Қазақконцерт» жыл соңына дейін жалғасатын «Менің Қазақстаным» халықаралық музыкалық челленджін бастады. Оған белгілі қазақстандық артистер, актерлер, спортшылар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, жақын және алыс шетелдерден келген қандастар қатысады. «Жаз әуендері» жобасы аясында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ҮоuTube-арнасында Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының «Ән падишасы - Шәмші аға» концертінің тұсаукесері өтті. Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы астанада «Қазақ вальсінің королі - Шәмші Қалдаяқұлы» онлайн-көрмесін өткізіп, әлеуметтік желідегі ресми парақшаларында «Менің Қазақстаным» онлайн-концертін көрсетті. Зағип және көзі нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана көрермендерге «Ән-аға» әдеби-музыкалық кеші мен «Халық әртісі Шәмші Қалдаяқұлының туғанына 90 жыл» музыкалық бейнетаспасын ұсынды. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасында Шәмші Қалдаяқұлының шығармашылығы туралы режиссер, сценарист, әнші-композитор Оралбек Сарбасовпен музыкалық онлайн-сұхбат өтті.
Іс-шаралар легі мерейтойдан кейін де жалғаса бермек. 17 тамызда Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі қорының мұрағаттарынан Шәмші Қалдаяқұлының мұрасы туралы бейнесюжет көрсетіледі. 26 тамызда «Қазақ музыка тарихындағы бірегей тұлға» бейне-экскурсиясы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы «Қазақ вальсінің королі-Шәмші Қалдаяқұлы» виртуалды көрмесі оқырмандар мен көрермендер назарына ұсынылады.
23 қазанда Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі «Вальс королі» концертін көрсетеді. Осы айда Абай атындағы Қазақ мемлекеттік опера және балет театры көрермендеріне композитор шығармаларының концертін тартулайды. Ал қараша айында Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы композитордың шығармашылығына арналған мерейтойлық концерт өткізеді. Сондай-ақ, қараша айында «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының «Saz & Soul» вокалдық-аспаптық тобы көрермендерін әлеуметтік желілердегі онлайн-концертпен қуантады. Шәмші Қалдаяқұлының 90 жылдық мерейтойына орай Түркістан облысында жыл соңына дейін эпидемиологиялық жағдайға байланысты онлайн-форматта өтетін 100-ге жуық іс-шара жоспарланған. Айтулы күннің құрметіне «Шәмші әлемі» мультимедиалық онлайн-көрмесі Қазақстан суретшілерінің жұмыстарын паш етіп, суретердің каталогын жарыққа шығармақ. Шәмші Қалдаяқұлының туған жерінде композитор тұрған үй қалпына келтіріліп, мұражай ретінде ашылған.
Ш.Қалдаяқұлының өмірбаяны мен шығармашылық жолы туралы ақпаратты «Жасампаз еліміздің тарихы: кітаптар, жәдігерлер, архив құжаттары сөйлейді» ақпараттық жобасының былтырғы шығарылымынан табуға болады: http://presidentlibrary.kz/kk/news/el-tarihy-elbasy-kitaphanasynyn-zhdigerleri-kitaptary-men-arhivtik-kuzhattarynda-kazak-valsi


