2019 жылғы 3 маусым күні Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының музейінде Қарағанды облысы Шахтинск қаласының ЮНЕСКО клубы – Әубәкір Исмаилов атындағы балалар көркемсурет мектебі түлектерінің дипломдық жұмыстарының көрмесі ашылды.

«Туған өлкем» көрмесі 2018 жылғы ақпанда Елбасы кітапханасында бастау алған балалар шығармашылығын және қосымша білім беру ұйымдарын қолдауға бағытталған республикалық бағдарлама аясында ұйымдастырылды. Осы бастаманың арқасында елорда тұрғындары мен қонақтары Қазақстандағы балалар көркемсурет мектептерінің үздік дипломдық жұмыстарымен таныса алады.
«Біздің жобаның негізгі мақсаты – қосымша білім беру мекемелерінде оқитын балалардың жұмыстарын көрсету. Шахтинск қаласы бұл бағытта өте маңызды рөлге ие. Біріншіден, бүгінгі көрменің ашылуы қала күніне орайластырылған, металлургтер өңірі болып табылатын Қарағанды облысы – Елбасымыздың өмір жолында оның тұлға ретінде қалыптасуының маңызды кезеңі. Екіншіден, бұл қалада жергілікті атқарушы билік тарапынан балаларға арналған көркемдік мектепке деген қолдауды байқадық, мектептің жеке ғимараты да бар.

Яғни, заманауи Қазақстанның даму динамикасы тек педагогтарға, жақсы нәрсеге ұмтылу және отбасындағы балалар мен ересектердің бірін-бірі түсінуінде ғана емес, сонымен қатар жергілікті биліктің балалар шығармашылығына деген дұрыс көзқарасында екендігін көрсеткіміз келеді», – деп атап өтті Елбасы кітапханасы директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Күләйша Актаева көрменің ашылу салтанатында.
Әубәкір Исмаилов атындағы Балалар көркемсурет мектебінің негізі 1987 жылы қаланған. Қазіргі уақытта мектепте 6-17 жас аралығындағы 400-ден астам бала білім алуда. 33 сыныпқа кескіндеме, графика, мүсін, дизайн, керамика сабақтары жүргізіледі. Сондайй-ақ мүмкіндігі шектеулі балаларға барлық жағдай жасалған.
«Жұмыстардың негізгі тақырыбы – кеншілердің еңбегі. Біздің тәрбиеленушілеріміздің ата-аналарының барлығы дерлік шахтада жұмыс істейді. Балалар өздеріне тән мәнермен бауырларының, әкелерінің еңбек күндерін түрлі-түсті сарынмен, түрлі техникаларды пайдалана бейнелейді. Біз 5 жастан 10 жасқа дейінгі бүлдіршіндердің туындыларын ұнатамыз. Осы жеткіншіктердің ойларынан туған әлем шексіз, қуаныш пен бақытқа толы», – деді Шахтинск қаласының Әубәкір Исмаилов атындағы көркемсурет мектебінің директоры Шахмұрат Әбдіхалықов.

32 жылдық тарихы бар Шахтинск қаласының ЮНЕСКО клубы – Әубәкір Исмаилов атындағы мектеп өзіндік дәстүрі қалыптасқан, көркемдік, педагогикалық қызметінде жемісті тәжірибе жинаған және бірқатар жетістіктері де бар. Осы уақытқа дейін Сурет мектебінен 800-ден астам түлек қанат қағып шықты. Олардың көпшілігі сәулетші, дизайнер, суретші және бейнелеу өнерінің ұстазы болып Қазақстанда ғана емес, Ресей, Чехия және Германия елдерінде де табысты еңбек етуде.

Шахтинск қаласындағы көркемсурет мектебінің 17 жасар түлегі Зайнап Балагутдинова графикалық дизайнер болғысы келеді. Оның кумирлері – Жан-Мишель Баския, Энди Уорхол, Әбілхан Қастеев. Көрмеде ұсынылған 50 жұмыстың ішінен оның «Уақыт өзені» суретіне келушілер ерекше қызығушылық танытуда. Зайнап осы суретті салуға бес ай уақыт жұмсапты.

«Өткенді, қазіргіні, болашақты тұтастай бір суретте көрсету өте қиын. Дегенмен, талпынысымды орындай алдым деп сенемін. Әрбір жұмыс – менің жай-күйімді білдіреді. Ең таңғаларлығы, өз-өзіме тереңдеген сайын туындыларым өзім ойлағаннан да басқа болып шығады. Бұл – менің туыстарым мен достарымның, менің алғашқы сыншыларымның байқағаны», – деп мойындады жас суретші.

Көрменің ашылу күні Шахтинск мектебінің ұстаздары елорданың жас суретшілеріне шеберлік сыныбын өткізді: Жаңабек Жұмабеков портрет салуды үйретсе, Наталья Сайгушева «Көктемдегі гүл» сәндік-қолданбалы өнер техникасы туралы айтып берді.
Биыл желтоқсан айында Елбасы кітапханасында өтетін қорытынды көрмеге Шахтинск қаласындағы ЮНЕСКО клубы – Әубәкір Исмаилов атындағы балалар көркемсурет мектебі түлектерінің он үздік жұмысы іріктеліп, ұсынылады.

Көрме 2019 жылғы 9 шілдеге дейін жалғасады.