Елбасының кітапханасы мейірімділік пен ізгілікке толы Алғыс айту күні соны жобаны қолға алды. «Жасампаз еліміздің тарихы: кітаптар, жәдігерлер, архив құжаттары сөйлейді». Оның алғашқы қарлығашы келісім мен тұрақтылықтың нышанына айналған Алғыс күніне арналған. Еліміз үшін елеулі мейрам Қазақстан халқы Ассамблеясының туған күнімен тұспа-тұс келеді.
«Ел бірлігі» кәдесыйлығы Қазақстан халқы Ассамблеясының жылына арналған. Мәні терең жәдігер 2015 жылдың 23 маусымда қоғамдық институттың ХХІІ сессиясында Қазақстан Республикасының Президенті – Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Н. Ә. Назарбаевқа тарту етілді. Оның барысында Елбасы 1 наурызды жыл сайын Барлық этностардың бір біріне және мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту қажеттігін атап өтті.
Композицияның биіктігі – 53 см. Көкке ұмтылған, тік пішінді жәдігер ел дамуын бейнелейді. Оның негізіндегі табиғи тас мемлекетіміздің нық әрі мықты іргетасын паш етеді.
Жәдігердің тұғырын Қазақстанда тұратын барлық ұлттардың тізімі, Ассамблеяның құрылған уақыты жазылған шиыршықтар орап тұр. Оның жоғарғы тұсында қол ұстасып, шаңырақты бірлесе көтерген адамдардың мүсіндері орналасқан.
Еліміздегі татулық пен тұрақтылықты әспеттейтін екінші жәдігер де еріксіз көз тартады. Кенепте Қазақстан халқы Ассамблеясының логотипі бейнеленген. Шексіздік, ғаламшарды білдіретін шеңбер оның негізіне айналған.
Композицияның ортасында Қазақстанның картасы, оның төменгі жағында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген. Картаның жоғарғы бөлігі мен жан-жағына жасампаздықтың негізгі нышаны – күннің сәулелері тараған. Ассамблея логотипінің айналасында 2008 жылдың 18–20 қазанында 1996 жылдан бастап Мемлекет басшысының есімі берілген Нұрсұлтан шыңын бағындырған адамдардың қолтаңбасын көруге болады.
Тарихтан сыр шертетін жәдігерлер Елбасы кітапханасының мұражайы ғимаратында орналасқан. Уақыттың куәгерлеріне айналған композициялармен кеңірек танысуға болады.