«ТҮРКІСТАН - ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ РУХАНИ АСТАНАСЫ» ОНЛАЙН-КОНФЕРЕНЦИЯСЫНА ПІКІР.

Тұңғыш Президент - Елбасы Кітапханасының бастамшылығымен ұйымдастырылған бүгінгі конференция осы жылғы  31 наурызда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің  бейресми саммиті бейнеконференциясынан кейінгі үлкен жиналыс, сонымен қатар оны толықтыратын жалғасы депте айтуға болады. Өткен Саммиттің тарихи шешімдерінің бірі, ол Түркістан қаласын «Түркі әлемінің рухани астанасы» деп жариялануы болды.

Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы, Нұрсұлтан Әбішұлы  Назарбаев облыс атауын өзгерту мен оның орталығын Түркістан қаласы деп бекіту жарлығына қол қою рәсімінде сөйлеген сөзінде: «Түркістанның халқымыз үшін айрықша маңызы бар. Бұл - Орталық Азиядағы ежелгі қалалардың бірі. 2000 жылы Түркістанның 1500 жылдығын ЮНЕСКО деңгейінде атап өттік. Тарихымыздың қилы кезеңдерінде мұнда бүкіл ұлтымыздың болашағына қатысты маңызды шешімдер қабылданған. Түркістанда халқымыздың көптеген белгілі тұлғалары жерленген. Жалпы, қала тарихы - барша қазақтың тарихы", - деген болатын.

Елбасының мемлекетіміздің астанасын Сарыарқаның төріне көшіруі сияқты, оңтүстіктегі үлкен облыс орталығын Ұлы жібек жолында орналасқан, кезінде Қазақ хандығының астанасы болған Түркістан қаласына көшірілуі заңды және  тарихта алтын әріппен жазылатын маңызды іс-шара.  Тұтас түрік әлемінің ақсақалы атанған және түрік тілдес мемлекеттердің басын біріктіріп, оның қуаттылығының еселене түсуіне себепші болатын бірнеше халықаралық ұйымдардың құрылуына бастамашы болған Елбасы  Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл шешімі, күллі түркі халықтарына ортақ Түркістанның қарқынды дамуына, "Екінші Мекке" атанған қасиетті өлкенің  әлемдік рухани орталыққа, тұрақты туризм ордасына айналуына септігін тигізетіні сөзссіз.

Елбасы Кітапханасы ұйымдастырған бүгінгі өткен онлайн конференцияда сөз алған мемлекеттік тұлғалардың, ғалымдардың, басшы лауазым иелерінің, шетелдік сарапшылардың бәрі үстіміздегі жылғы 31 наурызда өткен халықаралық Саммиттің маңыздылығын айтып, қасиетті Түркістанның тарихын тыңдарманға кеңінен  жеткізіп, оның әлемдегі жаңа орнын айқындайтын дәлелді  баяндамалар жасады.Тарихы тереңде жатқан, киелі шаһардың болашағының жарқын боларына және жер шарындағы ең әдемі және тартымды қаланың бірі болатынына кәміл сенеміз!

 

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы

Кітапханасының Арнайы жобалар қызметінің жетекшісі:

Ерсұлтан Бектұрғанов