«ТҮРКІСТАН – ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ РУХАНИ АСТАНАСЫ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ОНЛАЙН-КОНФЕРЕНЦИЯСЫ

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының

директоры Б.Б. Темірболаттың 2021 жылдың 31 наурыздағы Түркі кеңесінің бейресми саммитінің қорытындысы бойынша өткен «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» халықаралық онлайн-конференциясында

СӨЙЛЕГЕН СӨЗІ

 

 

16 сәуір 2021 жыл                                                                                          Нұр-Сұлтан қ.

 

Құрметті ханымдар мен мырзалар!

Конференцияның құрметті қонақтары мен қатысушылары!

Тарихтың әртүрлі кезеңдерінде төл мәдениеттің атамекені болған Түркі әлемі дүниежүзі өркениетінің дамуына айрықша ықпал тигізді. Біз осы ауқымды түркі тарихының тікелей мұрагерлеріміз.

XXI ғасырда түркі халықтары тығыз ынтымақтастықты, диалог пен жақындасуды қайта бастап отыр.

Жақын арада өткен Түркі кеңесінің самитінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Түркі бауырлас мемлекеттері арасындағы достастық пен ынтымақтастыққа қосымша күш береді деген үміт білдірген еді.

Құрметті қатысушылар!

Ағымдағы жылдың 31 наурызында өткен Түркі кеңесінің бейресми саммиті түркі елдерінің әріптестігін дамытудың жаңа кезеңіне алып келуі мүмкін маңызды мәлімдемелер мен келісімге толы мазмұнды жиын болып шықты.

Кездесуде талқыланған негізгі мәселелердің бірі Түркістанды түркі әлемінің рухани астанасы деп тану туралы декларацияға қатысты болды.

Жиналған елдердің көшбасшыларының отырысы барысында бұл құжат бірауыздан мақұлданды. Атаулы оқиғаны қазіргі түркі кооперациясының жетістіктеріне жатқызу керек деп санаймын.

11 жыл бұрын жалпы түркі болашағының жаңа, бірлескен жетістігіне қол жеткізу үшін өзіміздің даңқты тарихи байланысымызды бірге жаңғырта бастадық. Біз мұндай баршаға ортақ жарқын болашақты «Түркі келешегі – 2040» стратегиялық құжаты негізінде құратын боламыз.

Бұл үшін бар қажетті жағдай жасалған.

Бірінші. Түркі өркениеті өзін-өзі толық қамтамасыз ете алады және мәдени бірегейлік пен ортақ құндылықтар негізінде одан әрі дамуға барлық мүмкіндіктерге ие.

Қазақстан Президенті Қ.К. Тоқаев саммитте біздің мақсатымыз – түркі әлемін ХХІ ғасырдың аса маңызды экономикалық, мәдени және гуманитарлық өңірлерінің біріне айналдыру екенін атап өтті.

Көпке мәлім болғандай, мәдениет саласындағы жетістіктер қандай да бір экономикалық пайдамен тікелей өлшенбейді, бірақ экономиканың жақындасуына өз ықпалын тигізеді. Еуропа, Азия, Африка және Латын Америкасындағы интеграциялық бірлестіктер мәдени және құндылық ортақтығында дамып келеді.  

Түрлі елдер мен өңірлер бойынша қоныс аударған 175 миллион түркінің тағдыры тарихтың толқынында адаспауға және қазіргі жаһандану рухында дамуға өз ықпалын тигізді.

ТҮРІКПА, ТҮРІКСОЙ, Түркі академиясы мен Халықаралық Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының қажырлы еңбегі Түркі кеңесін беделді ұйымға айналдырды, ал «Түркі әлемі» ұғымы халықаралық дискурстың көпшілік мойындаған бөлігіне кенелді.

«Тарихын білмеген ұлттың болашағы жоқ» деген аталы сөзбен толық келісемін. Сондықтан да біз Түркі кеңесінде өзіміздің ортақ тамырымыздан, мәдени коммуникацияларымыздан бастадық және қазір өзара тиімді ынтымақтастықты логикалық тұрғыдан кеңейтуге дайындалып жатырмыз.

Екінші. Түркілер қариясынан жастары басым халық екені тағы рас, сондықтан түркі әлеміне динамизм мен креативті бастамалар тән екені айтпаса да белгілі.

Егер ТМЫК мемлекеттеріне қарайтын болсақ, онда біздің елдеріміздің тұрғындарының орташа жасы өте жас. Мысалы, Әзірбайжанда – 27 жас, Қазақстанда – 28 жас, Қырғызстанда – 27 жас, Түркияда – 30 жас, Өзбекстанда – 28 жас.

Өздеріңіз білетіндей, 27-30 жастың орташа жасы – бұл күш-қайраттың кезеңі, шығармашылық уақыты, ұмтылыстар мен үміттер аралығы. Осыған байланысты Түркі жастарының бірігуіне Түркі кеңесінің назары өте перспективалы бағыт болып табылады.

Сондықтан Түркі кеңесі аясында елдеріміздің университеттерінің ынтымақтастығы, тағылымдамалар, академиялық ұтқырлық және ғылыми жобалар арқылы жалпы мәдени-ағарту кеңістігін қалыптастыруға көп көңіл бөлінеді.

Түркітілдес елдерде жастардың басым болуы олардың белсенді экономикалық дамуын және олардың өсуін күтуге негіз береді. Болжам бойынша, алдағы жылдары түркілердің жалпы әлемдегі саны 250 миллион адамнан асуы мүмкін.

Түркі мемлекеттері мен халықтарының демографиялық өсу болжамдары жақын арада Еуразиялық процестердегі түркі этностарының рөлі барған сайын елеулі болады деген қорытынды жасауға мүмкіндік береді.

 

 

 

Үшінші.Түркі әлемінде алдағы уақытта ынтымақтастық негізінде игерілуі қажет үміт күттіретін экономикалық мүмкіндіктер бар.

Ұқсас тіл, салт-дәстүрлер мен наным-сенімдер мәдени-гуманитарлық тұрғыдан байланысып қана қоймай,  экономикадағы ынтымақтастықты  дамытуға мүмкіндік береді.

Түркі кеңесі елдерінің жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) шамамен 1,5 трлн долларды құрайды. Бұл маңызды мүмкіндікті барлық қатысушылардың мүддесі үшін жүйелі түрде арттыру маңызды.

        Біздің елдеріміз үшін басты міндеттердің бірі – тауар айналымын арттыру. Түркі мемлекеттерінің ортақ шекарасы болмаса да, сауда, инвестициялар, көлік, энергетика, туризм, цифрландыру салаларында ынтымақтастық орнатуға әлеуеті бар.

Бұл бағыттар Түркі кеңесі жұмысында өңірлік ынтымақтастықты сапалы жаңа деңгейге шығару үшін түркі кооперациясының экономикалық базасын құрады.

 

Төртінші. Біздің тиімді стратегиялық артықшылығымыз – Түркі әлемінің географиясы.  

Бұл туралы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқан болатын. Расында, Ұлы Жібек жолы картасы пайда болған сәттен бастап оның негізгі бөлігі түркі мемлекеттерінің аумағын қамтыды.

Орталық Еуразиядағы түркілердің даму кезеңінде Жібек жолы ең жоғары шарықтау шегіне жетіп, халықаралық ауқымда экономикалық өркендеу мен мәдениеттің өсуіне ықпал етті.

XXI ғасырда түркітілдес халықтар құрлықішілік транзиттік-көлік дәліздерін дамытуда ерекше рөл атқарады. Біздің көз алдымызда Азия мен Еуропа елдері арасындағы көптеген көлік қатынастары түрленіп, кеңеюде.  

Жаңа жүз жылдықта бізге Ұлы Жібек жолын бірге жандандыруға мүмкіндік берілуде. Біздің мемлекеттеріміз Батыс пен Шығысты, Солтүстік пен Оңтүстікті тікелей байланыстыратын ірі континенттің орталығында орналасқан.

Еуразия елдері мен қалаларын біріктіретін бағыттарды әртараптандыруда «Бір белдеу, бір жол», Транскаспий халықаралық көлік дәлізі және т.б. көлік бастамалары маңызды рөл атқарады.

Біз ТМЫК мемлекеттері арасында өзіміздің транзиттік әлеуетімізді пайдалану есебінен сауда-экономикалық қатынастарды тереңдетуге сенім артамыз. Бұл бірлескен экономиканың өсу негізіне айналып, қайтадан Үлкен Еуразияны біріктіруі мүмкін.

Осы ретте ТМЫК қатысушылары негізгі көршілес елдер – Ресеймен, Қытаймен, Иранмен, Еуропа және басқа да елдермен көпжақты достық және әріптестік байланыстарды жолға қойып,  нығайтуға ұмтылатынын атап өткен жөн.

ТМЫК географиясының біртіндеп кеңейіп келе жатқаны өте маңызды. Мәселен, Түркі әлеміне барынша жақын Венгрия Еуропаның қақ ортасында орналасқан, алайда өзінің түркі тарихын, салт-дәстүрі мен түп-тамырын ұмытпайды.

 Сайып келгенде, осы ғасырда Азияның асқақтауы  – халықаралық деңгейде түркітілдес халықтар мен Түркі кеңесін нығайтуға септігін тигізеді. 

        Міне, біз бірнеше жылдан бері қуатты жаһандық ілгерілеуді  бақылап келеміз: ғасырлар бойғы әлемдік тарихта ықпалдың Батыстан Азияға  жүйелі ауысуынан асқан үлкен үдеріс болған жоқ.

Қазіргі Азия – аумағы жағынан да, халқы жағынан да әлемнің ең үлкен бөлігі. Азия елдерінің пікірі қазіргі уақытта әлемдік күн тәртібін талқылау кезінде ықпалды бола бастады.

 

Түркітілдес елдер кіретін Азияға әр түрлі халықаралық белсенділіктің шартты орталығы – іскерлік, өндірістік, мәдени интеграция да еніп жүр.

Қазір Азия елдерінің тобы әлемдік ЖІӨ-нің 40%-ын құрайды. Бұрын-соңды әлемнің жетекші экономикалары қатарында Азияның осындай ауқымды өкілдігі болған емес. Ең дамыған 30 елдің ішінде Азиядан 10 мемлекет, оның ішінде Түркі әлемінің жарқын өкілі Түркия да бар.

Бұл жаһандық тренд түркі өркениетінің ренессансын қамтамасыз ету үшін түркітілдес елдерді дамыту міндеттерінің кең спектріне бірлесіп қол жеткізу және ТМЫК белсенділігін арттыру үшін қолайлы жағдайлар жасайды.

 

Құрметті әріптестер!

Жалпы түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің феномені ерекше деп танимын. Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі Түркі халықтарының диалогы үшін тиімді алаңға және өңірлік кең ынтымақтастықтың маңызды факторына айналды.

Қазіргі Түркі әлемі дамудың әртүрлі жолдарын таңдау алдында тұр, бірақ бұл жерде байланыстың басты векторын барлық қатысушылар қолдайтыны маңызды.

Қазір Кеңес өз дамуындағы жаңа жетілген кезеңге жақындап келеді. Ең алдымен, бұл кеңесті түркі мемлекеттерінің толыққанды ұйымына айналдыру міндетімен байланысты.

Біз Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстанға Кеңестің жұмыс деңгейін толық форматты халықаралық ұйымға дейін көтеру туралы қазақстандық бастаманы қолдағаны үшін алғыс айтамыз.

 Тиісті ереже Түркістан декларациясында жазылған. Бұрын-соңды жер шарының ең үлкен құрлығында кең таралған түркі қауымдастығы бір-біріне мұншалықты жақын болған емес. 

 

Құрметті достар!

Әр ұлттың тарихы – жаңа буынға рухани күш пен ғасырлар даналығын сіңіріп, тәлім алатын сарқылмас бұлақ. Қазіргі таңда, заманауи түркі халықтарына рухани жаңғыру өте маңызды, тарихты бірлесіп зерттеу арқылы осы мақсатқа жете аламыз.

Ұзақ жылдар ішінде тұңғыш рет, көптеген түркітілдес халықтары бірлестікке ұмтылып, экономикалық кооперация бағытында нақты қадамдар жасауда.

XXI ғасыр түркі халықтарының жақын болуына мүмкіншілік туғызып отыр, біз бұнымен толыққанды қолдануымыз қажет.

Конференцияның барлық қатысушыларына жемісті, әрі сәтті жұмыс тілеймін.

Назарларыңызға рахмет.