ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНЫҢ СЕМИНАР-ТРЕНИНГІ ӨТТІ

2018 жылдың 17 ақпанында Түркістан қаласының тарихи-мәдени этнографиялық орталығында «Елбасы Н.Ә. Назарбаев: өмірбаяны, жасампаз идеялары мен бастамалары» семинар-тренингі өтті.

Іс-шара «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі кешен көрмесі аясында Этнопедагогикалық колледж студенттері мен ұстаздары, мұражай қызметкерлеріне арнайы ұйымдастырылды.

Семинар-тренингтің негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың өмірін, қызметі мен еңбек жолын өнеге ету, жасампаз идеялары мен бастамаларын насихаттау арқылы азаматтардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыруға ықпал ету.

Іс-шараның куәгері болған Этнопедагогикалық колледждің директоры Айғаным Серім бізбен пікір бөлісті:

– Аталмыш семинар ұстаздарды да, студенттерді де ерекше жігерлендірді. Елбасының өнегелі өмірін қалың жұртқа үлгі ету – дұрыс бастама. Себебі, ол кісінің қарапайым жерден шығып, биік белестерді бағындырғанын көрген үлкен де, кіші де жаңа мақсаттарға қанаттанып, алға қарай талпынады. Мемлекет басшысының бастамалары мен идеяларының өзі биік рух пен оң нәтижеге ие. Соның арқасында бүгінде біздің елді күллі әлем таниды. Елбасының кейінгі буынға деген ықыласы мен қамқорлығы жастарға қатысты барлық мәселелердің ескерілуіне түрткі болды. Еліміздің жас азаматтары шет мемлекетте білім алып, өз елінде қызметпен қамтамасыздану мүмкіндігін алды. Мұның бәрі Нұрсұлтан Әбішұлының жасампаздығы деп білеміз, - деді Айғаным Абанқызы.

Элективті курстар мен тренингтерді қатысушыларға Елбасы кітапханасы Ғылыми-қолданбалы зерттеулер қызметінің жетекші ғылыми қызметкері Ләйлә Омарова мен Әлеуметтік-ағартушылық жобалар қызметінің жетекші сарапшысы Күнсұлу Исинова жүргізді. Олардың барысында тыңдаушыларға «Қазақстандағы Президенттік институттың қалыптасуы мен дамуы» деректі фильмі көрсетілді.

– Бүгін біз мәнді де әсерлі семинарға қатыстық. Көптеген өзекті мәселелерді қозғап, ортаға пікірімізді салдық. Шыны керек, тәуелсіздік құрдастары ретінде Елбасының саяси реформалары мен идеяларына деген біздің қызығушылығымыз зор. Әрине, ол бастамалардан біз бұрыннан хабардармыз, алайда бүгін Елбасы кітапханасы қызметкерлерінің арқасында толыққанды ақпарат алып, білім қорымызды толықтырып алдық. Осы тұста ұйымдастырушыларға алғысымызды білдірсек дейміз, - деді Этнопедагогикалық колледждің 3 курс студенті Раушан Жарылқасын.

Колледж директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Қырмызы Баймен де дәріскерлерге ризашылығын білдірді:

– Семинар-тренингке қатысқан колледж студенттері Елбасы тұлғасының көпке белгісіз қырларын ашты. Мемлекет басшысының өмірлік, қызметтік жолына шолу жасап, бойларына оң қасиеттерді сіңірді. Меніңше, мұндай тренингтер елімізде көптеп болуы тиіс. Сол себепті, Елбасы кітапханасының іс-шараларына белсенді қатысуға деген ниетімізді еш жасырмаймыз, - деді ол.

Естеріңізге салсақ, биыл Елбасы кітапханасының жобасы Шымкент қаласы мен Оңтүстік Қазақстан облысының қалың жұртына жол тартқан болатын.

«Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көрмесі 2018 жылдың мамыр айына дейін жалғасады.