...Сөз кісіні ұлы қылар, бек қылар,
Көп сөз басты қара жерге кеп тығар.
Көп сөйлесең, «Езбесің», - деп жек көрер,
Сөйлемесең, «Мылқау екен», - деп сөгер!
Бұлай болса, тең ортасы – керегің,
Тілге ұстамды болсаң, өсер беделің!
Тіліңді бақ, басың аман болады,
Сөзді қысқа айт, жасың ұзақ болады.
...Тілді сөктім, һәм мадақтап, демедім,
Мұным – сөздің сырын ұқсын дегенім.
...Саған арнап сөз сөйледім, ей, ұлым,
Өсиетімді қабыл алғын, құлыным!
Күміс, алтын қалса менен сендерге,
Оларды сен бұл сөзіме теңгерме!
Күмісті іске тұтсаң – бітіп қалады,
Сөзімді іске тұтсаң – күміс табады.
Қалар мұра – сөз, кісіден кісіге,
Сөзді мұра тұтсаң, пайда ісіңе,
Кісілерге мирас ата сөзі ғой,
Ата сөзі – ұқсаң, құттың көзі ғой.
Жүсіп Баласағұн
Философия, математика, медицина, астрономия, астрология, өнертану, филология сынды көптеген салалардың дамуына зор үлес қосқан түркі әлемінің ұлы ойшылы Жүсіп Хас Хажыб Баласағұн 1000 жылдай уақыт бұрын Баласағұн қаласында дүниеге келген. Алайда ғалымның өмірбаяны жөнінде сақталған деректер тым мардымсыз. Өз заманының басқа да ғалымдары секілді медресені бітіріп, білім жолын кейін Қашқарда жалғастырғаны белгілі.
Жүсіп Баласағұнның есімі әлем әдебиеті мен мәдениеті тарихына «Құтты білік» («Құтадғу білік») арқылы енді. Бұл дастанды ол хижра есебімен 462 жылы, біздің жыл санауымызда 1070 жылы аяқтайды. Қарасөзбен жазылған кіріспесінде автор: «...осы кітапты Қашқарда жазып бітіріп, шығыстың әміршісі Табғаш Боғра Қарақаған Әбу-Әлі Хасанға тарту еттім», - деген екен. Бұл сыйлыққа риза болған Боғра хан ақынға «хас хажыб» («бас уәзір», «ұлы кеңесші») деген лауазым береді. Сол себепті де ақынның есіміне «хас хажыб» сөзі тіркеле жазылып келеді.
«Құтты білікке» жазылған қос кіріспенің бірі қара сөз күйінде жазылса, екіншісі өлең-жыр нұсқасында қағаз бетіне түскен. Бұл кіріспе бөлімдерінде Баласағұн туралы аз да болса, деректер ұшырасады. Автор аталған жинағының соңғы үш тарауында өз өмірінен аздаған мағлұматтар бере кеткен. Қараханидтер мемлекетінің астанасы Баласағұнда дүниеге келгені ғалымдарға сол арқылы белгілі болады. Баласағұн шаһарының жұртында, кеңес үкіметі жылдары, арнайы қазба жұмыстары жүргізіліп, ойшылға қатысты деректер нақты жәдігерлермен дәлелдене түскен болатын. Ал белгілі түркітанушы В.Бартольд «Баласағұн қаласы Жетісу өңірінде, Шу өзені бойындағы Тоқмақ қаласына жақын жерде болған» деген өз тұжырымын кеңес үкіметі кезінде-ақ білдірген еді.
Дастан екі жолдық жыр үлгісі, яғни бәйіт пішінінде жазылған. Мазмұны 6520 бәйіттен, яғни 13040 жыр жолдарынан құралған. «Құтты білікті» 1070-жылы жазып бітіргені жөнінде Жүсіп Баласағұн жырдың 6495, 6623-бәйіттерінде ескертіп өткен екен. Түркітанушылар ақынның: «Елуге де кеп қалдық. Бір кезде қара қарға едік, аққуға аппақ айналдық» деген жыр жолдарына қарап, сонымен бірге дастанды 18 айда жазып шыққаны туралы айтқан ескертпелерін ескере отырып, «демек Баласағұн ақын 1015-1020 жылдардың шамасында дүниеге келген болар» деген болжам жасайды.
«Құтты білік» бүгінгі ұрпаққа неcімен қымбат?» деген сауалға келер болсақ, ең әуелі бұл дастан – түркі жұртының орта ғасырлардағы өмір қалыбы: әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері және саяси-әлеуметтік, тұрмыстық жағдайлары хақында мол мағлұмат беретін жазба дерек көзі.
Дастанның бізге жеткен үш нұсқасы бар. Біріншісі, Герат қаласындағы 1439 жылы көне ұйғыр жазуымен (қазір ол Вена қаласындағы Корольдік кітапханада сақтаулы), екіншісі, XIV ғасырдың бірінші жартысында Мысырда араб әрпімен (Каирдың Кедивен кітапханасы қорында) көшірілген. Ал Наманған қаласынан табылған үшінші нұсқа XII ғасырда араб әрпімен қағазға түсірілген. Бұл қолжазба Ташкенттегі Шығыстану институтының қорында сақтаулы тұр. Ғалымдар осы үш көшірме нұсқаның әрқайсысына тән өзіндік ерекшеліктерді жинақтай отырып, «Құтты білік» дастанының ғылыми негізделген толық мәтінін жасап шықты. Венгр ғалымы Герман Вамбери (1832-1913) дастанның бірнеше тарауын неміс тіліне аударып, 1870 жылы Инсбрук қаласында жеке кітап етіп басып шығарған. Бұл шығарманы зерттеу, аудару ісімен орыс ғалымы В.В. Радлов (1837-1918) жиырма жыл бойы (1890-1910) айналысқан.
«Құтты білік» дастаны орта ғасырларда бүкіл түркі әлеміне түсінікті болған Карахан әулеті мемлекеті түріктерінің тілінде жазылған. Оның үш нұсқасын да Түркия ғалымдары 1942-43 жылдары Ыстамбұлдан үш том кітап етіп шығарған. Қ.Кәрімов өзбек тіліне (1971), Н.Гребнев (1971) пен С.Иванов орыс тіліне (1983), бір топ аудармашылар ұйғыр тіліне (1984) көшірген.
Дастанды қазақ тіліне алғаш тәржімелеген қазақ ақыны, филология ғылымдарының докторы, профессор Асқар Егеубаевтың аудармасы бізде сақтаулы тұр. Атап айтқанда, «Құтты біліктің» 1986 жылғы алғаш нұсқасы да, 2003, 2006 жылдары шыққан басылымдары да Елбасы кітапханасында бар. Дастан белгілі бір мағынада сол кезеңнің Ата заңы болып, конституция қызметін атқарған. Оның басты идеясы төрт принципке негізделген. Біріншісі – мемлекетті дұрыс басқару үшін қара қылды қақ жаратындай әділ заң. Автор әділдіктің символдық бейнесі ретінде Күн туды патшаны көрсетеді. Екіншісі – бақ-дәулет, яғни елге құт қонсын деген тілек. Бақ-дәулет мәселесі патшаның уәзірі Айтолды бейнесі арқылы жырға қосылған. Үшіншісі – ақыл-парасат. Ақыл-парасаттың қоғамдық-әлеуметтік рөлі уәзірдің баласы Ұғдүлміш бейнесінде жырланады. Төртіншісі – қанағат-ынсап мәселесі. Бұл мәселе дастанда уәзірдің туысы, дәруіш Ордгүрміш бейнесі арқылы әңгіме болады. Баласағұнның «Құтты білігінде» өмір мәні пайымдалып, адамзатқа ортақ рухани байлықтар – мұрат пен даналықтың мәні сараланған.
Тәлімді ойшылдың ұстанымы жеке пенденің мінез-құлық шегінісіне көндікпеді, жігерлі жаранның ақыл-парасатын өңдеді. Ақыл-парасат арнасы сөз өнерінен, нақыл сөздерден, ақиқаттан бастау алды. Бұл тағылымның бір ережесі – ойды тыңдаушыға жүйелі, дәлелді, анық, айқын етіп тізбектеп беру үшін оны іштей құрастыра білу, ал үйрететіні – ақиқат сөздің нәрін діл, тіл, дін, ел мәселелеріне шоғырландыру. Баласағұнның рубаяттары жаңа өмірге, адамның болмысына орнықты көзқарастарды қалыптастырудың, оларды жалғандықтан, жамандықтан құтқарудың халықтық талпынысы мен өмір салтының сипаттамаларына ұқсас.
«Құтты білік» дастаны автордың үздік дарыны мен білімінің айғағы, сол кездегі жазу өнерінің, жазба әдебиеттің, қолданбалы өнердің, жаратылыстану ғылымдары мен философияның жақсы дамығанының нәтижесі. Бірде ақын: «Шығыс елі, күллі түркі ішінде, Дүниеде кітап жоқ бұл пішінде. Құтты кітап – хан тілі атанған. Кітап құны – біліктілікте» десе, енді бірде: Дастан «жақын күллі адамзаттың діліне», күллі кісіге ақыл береді. Ол арқылы «түркі тілі ғажабына қанарсың». Онда «әмірліктің шарттары мен тәртібі» көрсетілген, ел басқарудағы тәртіп-жөнді саралап ұғындырылады дейді.
«Құтты білік» мән-мазмұны жағынан таңдандыратын, толғандыратын, даналыққа құштарлықты арттыратын трактаттар жиынтығы; адамгершілік, адалдық, қайырымдылық хақындағы ізгі мұраттар сабақтастығы; халықтың құты, ырысы болған ілім. Әдеп ілімі мен дүниетанымдық бағдары негізгі үш факторға - ірі тұлғалардың өмірлік тәжірибесі мен қоғамдық пікірге, кең ортадағы сауатты ақсүйектердің әлеуметтік әлеуеті мен ойшылдардың рухани мұрасына, биліктің түрлеріне және адамдардың өзара ықпалына деген өзінің ішкі тоқтамы мен сеніміне негізделген. Тұрмыс-тіршілігін ірі талаптар деңгейіне көтерген еңбек. Табыс көзінің бір бастауы - тарихи сабақтастық пен көркемдік үйлестікте. Күлтегіннің үлкен жазуы мен «Құтты білік» дастанының арасында мәдени-тарихи кезеңнің, көркемдік стильдің үзілмегенін мамандар бірауыздан қолдайды. Дастандағы көркемдік талғам мен стильдік құрылымдар көне дәуір поэзиясымен тамырлас, ал өлеңнің формасы, образ жасау жүйесі, сөз орамдары шығыстық өрнекпен үндес келеді. Ақын Орта Азиядағы, Ирак, Ирандағы «жаңару» дәуірі әдебиетінің (VІІІ-ІХ ғғ) идеялық ағымдарымен таныс болғандығын аңғартады. ХІ-ХІІ ғғ. ирандық рубаи үлгілерін түзіп береді, парсы-түрік әдебиетінің ерекшеліктерін сауатты ескерген.
Осы да басқа деректерді Елбасы кітапханасында сақтаулы тұрған еңбектерден табуға болады. Жоғарыда келтірілген А.Егеубаевтың аудармасымен бірге сөредегі кітаптардың қатарына «Аманат» журналы басып шығарған «Наука быть счастливым» (2004) атты «Құтты біліктің» орыс тілді нұсқасы, «Антология социально-политической мысли Казахстана с древнейших времен» (2002) екі томдығы, «Гүлстанның бұлбұлдары. Жұлдыздар жарығы» (2005) он томдығының екінші томы, «Қазақ халқының философиялық мұрасы» (2005) жиырма томдығының төртінші томы, «Әдеби жәдігерлер» (2007) жиырма томдығының бесінші томы, Халықаралық түркі академиясы шығарған «Құтадғу білік: Құт әкелетін білім» (2015) кіреді. Оның негізіне алынған Баласағұнның «Құтты білігі» мамандар тарапынан көне түркі тілінен аударылып, түсіндірілген. Бұл басылымдардың тізіміне сондай-ақ «Жүсіп Баласағұн» (Е.Арын, 2003), «Казахская философия: Пирамида в степи, или Философия любви» (Г.Есим, 2005), «Жүсіп Баласағұн. Тарих, тұлға, уақыт» / «Жусуп Баласагуни. История, личность, время» (О. Жанайдаров, 2008), «Даналар ой маржанын жіпке тізген...» (Ә.Қазақбай, Е.Иса, 2010), «Асыл мұра: Түркі анталогиясы» /«Valuable yeritage: тurkic anthology» (Ш.Ибраев, 2012) сынды көптеген кітаптар жатады.
«Қанша білсең, ізден тағы, тағы да,
Білікті адам жетер тілек, бағына»,- деп Жүсіп Баласағұнның өзі айтқандай, ғұлама Баласағұн адамзатты ойландырар даналық тұжырымдары мен сөз маржандарын соңына қалдырып кетті. Демек, кейінгі ұрпақ керегінше өз қоғамында қолдансын, пайдасына жаратсын деп аманат еткен ойшылдың асыл да рухани мұрасын көздің қарашығындай сақтап, жансерігіміз етсек, көздеген арман-мақсатымызға жете аламыз.
