ТҮРІКМЕНСТАН ЕЛШІСІ БАТЫР РЕДЖЕПОВТЫҢ ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНА САПАРЫ

Бүгін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасының музейін Түрікменстанның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Батыр Реджепов аралады.  Мәртебелі мейман Қазақстан тәуелсіздігінің қалыптасу тарихынан сыр шертетін музей экспозицияларының мазмұнымен танысты.

Елбасы кітапханасының жаңа музейі 2020 жылдың қыркүйегінде ашылды.  Аз уақыт ішінде бұл нысан қала тұрғындарының да, елорда қонақтарының да көзайымына айналды.  Ғимаратқа кірерде қонақтар биіктігі 18 метр болатын кең фойені тамашалайды.  Елбасы кітапханасы музейінің экскурсиялық туры жеті бөлімнен тұрады.  Әр бөлімнің құрал-жабдықтары технологиялық ерекшелігімен таң қалдырады. Атап айтқанда, 3D галлографиялар, электронды карталар, картографиялық шоулар, сенсорлық монитомониторлар, медиа үстелдер келушілердің қызығушылығын оятады.

 Бірінші залда Түрікменстан елшісі Батыр Реджепов Елбасының Мәңгілік Ел туралы идеясының пайда болуының және іс жүзінде жүзеге асырылуының негізгі принциптері туралы баяндайтын шағын фильмді тамашалады. 

«Елбасы кітапханасы музейінің дизайны оны құрған шығармашылық топтың өзіндік ерекшелігін аңғартады. Мәдениет ордасы сәулеттің әсемдігін, ұлттық нақыш пен жоғары деңгейлі технологияларды әдемі үндестіреді.  Мұның бәрі Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саяси қызмет жолын, Қазақстанның халықаралық кеңістіктегі беделін зерделеуге ​​мүмкіндік береді», - деп Б.Реджепов өзінің әсерімен бөлісті.

Мазмұнды экскурсиядан кейін мейман Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболатпен кездесті.  Тараптар екі ел арасындағы ынтымақтастықтың, Қазақстан мен Түрікменстан халықтарының мәдени-рухани қауымдастығының тарихи маңыздылығын, сондай-ақ мәдениет, тарих, білім және өнер саласындағы өзара әрекеттесудің жолдарын талқылады.