«ТҰРАН-АСТАНА» УНИВЕРСИТЕТІНДЕ КӨШПЕЛІ СЕМИНАР-ТРЕНИНГ ӨТТІ

Үстіміздегі жылдың 5 наурызында Әлеуметтік-ағартушылық жобалар қызметінің жетекші сарапшылары Күнсұлу Исинова мен Ақбота Хамитова «Рухани жаңғыру: болашаққа бастар жол» тақырыбында көшпелі семинар-тренинг өткізді.

Елордалық «Тұран-Астана» университетінің профессор-оқытушылар құрамы, магистранттар мен студенттерден құралған 50 адам семинар-тренингтің жеделдетілген курсынан өтті. Қатысушылар оқу бағдарламасының мәні мен тиімділігі жөнінде айтты.

«Қаржы» кафедрасының меңгерушісі Айнұр Алпысбаева:

– Бүгін университетте өткен семинар бізге өте ұнады. Оның профессор-оқытушылар құрамына, сондай-ақ студенттер мен магистранттарға да танымдық мәні зор. Ол «Рухани жаңғыру» бағдарламасын толық түсінуге, оны жүзеге асырудың қандай бағыттары өзекті және оған қандай дағдыларды игерудің қажет екенін білуге мүмкіндік береді. Осындай семинарларды жиі өткізу керек деп ойлаймын. Дәріскерлерге көп рахмет!

Студенттердің сөзіне сүйенсек, оларға тренинг барысында жоба жасауға, өз көзқарастарын қалыптастыруға және жеткізе білуге, аудитория алдында сөз сөйлеуге баулығандары ерекше ұнаған.

Еске салсақ, Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы мен мемлекеттік бағдарламаны түсіндіруге арналған семинар-тренингті Елбасы кітапханасының ғылыми қызметкерлері әзірлеген болатын. Жаңа оқу бағдарламасы 2018 жылдың ақпанында басталды.