ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ КІТАПХАНАСЫНДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЗИЯТКЕРЛІК ДАМУ ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің кітапханасында Халықаралық зияткерлік даму институтының директоры, профессор Джо Гю Юнмен кездесу өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің және Астана Халықаралық университетінің студенттері, сондай-ақ Binom мектебінің оқушылары қатысты.

Құрметті қонақты «қош келдіңіз» деп қарсы алған Тұңғыш Президент кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат өзі басқаратын мекеменің қызметі туралы баяндап, мәдени-білім беру жобаларына егжей-тегжейлі тоқтады.

«Өскелең ұрпақты үйлесімді дамыту-біздің жалпыұлттық міндетіміз. ХХІ ғасырдағы назар аударарлық бағыттардың бірі  адамның өз әлеуетін аша алатын, жемісті еңбек ете алатын, бұл дүниеге өзіндік үлесін қосып, өмірдің қиындықтарына мойымауға қабілетті ететін ментальдік саулығы, игілікті жағдайы. Эмоционалды интеллект тақырыбына соңғы уақытта көбірек көңіл бөлінуде, – деп атап өтті Б.Темірболат.

Өз сөзінде профессор Джо Гю Юн бірнеше онжылдықтар ішінде кедей және артта қалған елден технологиялық және экономикалық көшбасшыға айналған, сондай-ақ ЭЫДҰ – өкілетті демократия мен еркін нарықтық экономика қағидаттарын мойындайтын дамыған елдердің Халықаралық экономикалық ұйымы мүшелерінің тізіміне енген Корея Республикасының жетістігі тарихы туралы айтып берді. 

«Кореяда ресурстар жоқ, оның аумағының 70% -ын таулар алып жатыр, ал үш жағынан оны теңіз қоршап тұр. Біз ондаған жылдар бойы отаршылдықты, азаматтық соғысты, құлдырау мен кедейлікті бастан өткердік. Сол жылдары халқымыз тым құрыса бір күн ашқұрсақ қалмасақ екен деп армандады. Олар сонда да тағдырға мойымады, келер ұрпақ үшін дұға етті және олар осының бәрін тағы да бастан өткермеуі үшін жұмыс істеді. Қазір Корея әлемде автомобиль құрылысы және болат өндіру бойынша бесінші, өнеркәсіптік кешендер құрылысы бойынша үшінші, кеме жасау бойынша бірінші, жоғары жылдамдықты интернет сапасы бойынша бірінші және смартфондардың нарықтағы бірінші жеткізушісі болып табылады. Біздің басты ресурсымыз – адамдар», – деді ол. Бұл ретте дәріскер Президент Қ.К.Тоқаев жария еткен реформалар жағдайындағы Қазақстан Республикасының орасан зор әлеуетін атап өтті.

Спикер жетістікке жету үшін білімнің, еңбекқорлықтың, өзіне деген сенімнің және салауатты ойлаудың маңыздылығын атап көрсетті.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай профессор Джо Гю Юнға мәжілісмендердің атынан алғыс хат табыс етті. 

«Шынында да, бақытты қоғам үшін жауапкершілік адамгершілікті ту еткен, білімді және мәдениетті адамдарға жүктеледі. Кездесуге келіп, тәжірибеңізбен бөлісіп, жинаған біліміңізді қалың жұртшылыққа жеткізгеніңіз үшін алғыс білдіруге рұқсат етіңіз. Сондай-ақ коронавирустық індет жайлаған қиын кезеңде еліміздің азаматтарына өтеусіз көмек көрсеткеніңіз үшін шын жүректен алғыс айтамыз», – деді ол.

Профессор Дже Гю Юнның сапарының қорытындысы Халықаралық зияткерлік даму институты мен Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Кітапханасы арасындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойысу болды.