16 қарашада Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы музейінің Мәжіліс залында № 60 мектеп-лицейінің оқушыларына арналған «Жәдігерлер сыр шертеді...» циклы бойынша «Нурсултан Назарбаев – основатель независимого Казахстана» экскурсия сабағы өтті.

Резиденция тұсында Мәжіліс Залы Мемлекет басшысының Үкімет мүшелерімен, Президент Әкімшілігінің құрылымдық бөлімшелері, Министрліктер және ведомстволардың басшыларымен, әкімдермен, өзге де лауазымды тұлғалармен мәжілістер өткізуіне арналған. Мұнда Президенттің халықаралық, үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдардың, БАҚ өкілдерімен кеңейтілген кездесулері өткізілген.
Қазіргі уақытта бұл залда Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуының негізгі бағыттарын ашып көрсететін «Қазақстан Республикасы: мемлекеттік даму стратегиясы» атты экспозиция орналасқан. Сабақ барысында Ғылыми-қолданбалы зерттеулер қызметінің ғылыми қызметкері Дәметкен Кушунова оқушыларды қазіргі заманғы Қазақстанның саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттарымен таныстырды, балаларға еліміздің жаңа тарихы бойынша бірегей мұрағат құжаттары, Мемлекет басшысының өмірі, қызметі барысын айшықтайтын фото- және бейнеқұжаттар көрсетілді.
Дәметкен Кушунова өз сөзінде:

– Тәуелсіздік алғаннан кейін еліміз күрделі кезеңді бастан кешірді. ХХ ғасырдың 90-жылдарының басындағы саяси және экономикалық дағдарыс тұрақты және табысты дамуға ешқандай негіз қалдырмады. Саяси көшбасшы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаевтың көрегендігі, оның өз отандастарының қазіргі және болашақ ұрпағының алдындағы барлық жауапкершілікті сезіне білу қабілеті мен сындарлы саясаты елдің даму бағытын қарқынды даму мен тұрақтылыққа бағыттады, – деп атап өтті.
«Президенттің Қазақстан халқына Жолдауы» экспозициясының алдында дәріскер «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауы мемлекеттің жаңа бағытпен дамуына өзіндік екпін бергеніне тоқталып, бағдарламалық құжаттардың тарихи маңызын ашып берді.

Халық таңдаған Мемлекет басшысының қызметіне ресми кірісуіне арналған
Н. Ә. Назарбаевты ұлықтау сәтінен алынған түпнұсқа құжаттар оқушылардың осы оқиғаның маңыздылығын сезінуіне мүмкіндік берді.
Балалар Астанадағы Тұңғыш Президент Резиденциясының ғимаратында өткен сабаққа қатысқандарына, дәстүрлі емес үлгіде елдің даму хроникасындағы елеулі оқиғалармен танысуға мүмкіндік алғандарына және алдағы уақытта да Елбасы кітапханасының ғылыми-білім беру қызметіне қатысуға ерекше ықыласын білдірді.
