ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ КҮНІ – ПАТРИОТТАР МЕРЕКЕСІ

Үстіміздегі жылдың 30 қарашасында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы № 3660 әскери бөлімінің арнайы шақыруы бойынша Елбасы кітапханасының қызметкерлері Ләйлә Омарова мен Қаламқас Өзенбаева Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай ұйымдастырылған іс-шараға қатысты.

Іс-шараның ашылуында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Р.Ф. Жақсылықовтың бұйрығы бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы № 3660 әскери бөлімінің сарбаздары мен ардагерлеріне алғыс жарияланып, марапаттар табыс етілді.

Елбасы кітапханасы Ғылыми-қолданбалы зерттеулер қызметінің жетекші ғылыми қызметкері Ләйлә Омарова Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанды қалыптастыру мен нығайтудағы тарихи рөлі туралы баяндама жасады. Әскери бөлім жауынгерлеріне Елбасы кітапханасының қызметкерлері дайындаған «Қазақстандағы Президенттік институттың қалыптасуы мен дамуы» атты деректі фильм көрсетілді.

Мерекелік салтанат жауынгерлердің орындауындағы «Менің Елбасым» әнімен аяқталды.

Шара қорытындысын жасаған Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы № 3660 әскери бөлімінің командирі Т.З. Исламов Елбасы кітапханасы қызметкерлеріне алғыс айтып, алдағы уақытта ынтымақтастықтың жалғасын табатынына сенімділік білдірді.