ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ КІТАПХАНАСЫНДА ЕРІКТІЛЕР ФОРУМЫ ӨТТІ

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президент кітапханасында Халықаралық ментальды-ағартушылық орталығымен (IMEI) бірлесіп ұйымдастырған QYF еріктілер форумы өтті.

IMEI – Халықаралық зияткерлікті дамыту институтының (Корея Республикасы) Астанадағы филиалы, ол жеке тұлғаны дамыту және салауатты ойлауды қалыптастыру мақсатындағы білім беру бағдарламаларын жүзеге асырады.

«Еріктілік – азаматтық қоғамның маңызды институты. Бұлар айналасындағылардың өмірін жақсы жаққа өзгерткісі келетін және бұл іс қолымнан келеді деп санайтын, жауапкершілікті өз мойнына ала алатын, осындай мақсаттарға жету үшін жұмырдықтай жұмылуға дайын адамдар. Біздің елде еріктілер қозғалысы Президент Қ.К. Тоқаев 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жариялаған сәттен бастап жаңа серпін алды, ал 2022 жылы «Еріктілер қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойылды. Айта кету керек, біздің мекеменің волонтерлік дәстүрі бар, бізде бұл қозғалыс 2017 жылдан бері жұмыс істейді», - деді ҚР Тұңғыш Президенті кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова.

Елордалық жоғары оқу орындарының студенттерінен құралған волонтерлердің алғашқы ұйымдастыру форумы QYF волонтерлік бағдарламасының тұсаукесеріне, қозғалыстың мақсат, міндеттерімен танысуға арналды. 

Сонымен қатар, Астанадағы халықаралық ментальды-ағартушылық орталығы филиалының директоры, профессор Со Зин Ук қатысушыларға маинд-дәріс өткізді. 

Кейін еріктілер бағыттар бойынша топтарға бөлініп, болашақ қызмет жоспарларын талқылап, өз ұсыныстарын білдірді.