ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ КІТАПХАНАСЫ ДҮНИЕЖҮЗІ ҚАЗАҚТАРЫ ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН «ТУҒАН ЕЛІМ – ТІРЕГІМ» КӨРМЕСІ АШЫЛДЫ

2022 жылдың қыркүйекте «Назарбаев орталығы» ғимаратының алаңында Дүниежүзі қазақтарының құрылтайының 30 жылдығына арналған« «Туған елім – тірегім»  көрмесі ашылды.

2021 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздіктің 30 жылдығын кеңінен атап өтті. Осы жылдар ішінде еліміз этносаралық татулық пен рухани келісімді нығайтуды жалғастыра отырып, ұлттық бірегейлік пен мәдени тұтастықты қалыптастырды. Бүгінгі таңда қоғамдық және мемлекеттік институттарының топтастырушы рөліне және азаматтық толеранттылыққа негізделген Қазақстанның табысты дипломатиялық тәжірибесі елде маңызды әлемдік саяси, мәдени, спорттық іс-шараларды – ЕҚЫҰ саммитін (2010 ж.), Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезін (2003 ж. бастап), 7-ші Қысқы Азия ойындарын (2011 ж.), Халықаралық мамандандырылған EXPO-2017 көрмесі және т. б. іс-шараларды өткізуге мүмкіндік береді.

«Ежелден халқымызда тағдырлы шешімдерді бірлесіп қабылдау үшін сын сағаттарда құрылтайға жиналу дәстүрі қалыптасқан. Бүгінгі көрме Құрылтай өткізудің ежелгі дәстүрін жаңғыртқан Дүниежүзі қазақтарының Бірінші Құрылтайының 30 жылдығына арналды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен Тәуелсіздік таңы атқан тұста шақырылған Дүниежүзі қазақтарының Бірінші құрылтайы қазақ халқының бірлігін нығайтуға үлес қосты. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 1991 жылдан бері биылғы бірінші жартыжылдықтағы жағдай бойынша Қазақстанға 1 миллион 100 мыңға жуық этникалық қазақ оралған. Бүгін халқымыз тарихтың тағы бір бетбұрыс кезеңінде тұр. Үстіміздегі жылдың маусым айында киелі Ұлытауда өткен жалпыұлттық құрылтай қазақ қоғамын біріктіріп, Жаңа Қазақстанды құруға шабыттандырды. Халық жиналысын ашқан ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ата-баба өсиетін орындап, Ұлттық Құрылтайды шақырдық. Ұлы дала төсінде орналасқан Ұлытау талай тарихи оқиғалардың куәсі болды. Мұнда ұлт тағдырын айқындаған көптеген маңызды кездесулер өтті. Міне, біз бүгін ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып, болашағымыз үшін бірлігімізді нығайту үшін келдік». Осының барлығын бүгінгі көрмемізден біле аласыздар», - деп атап өтті өзінің құттықтау сөзінде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат.

Қазақ мемлекеті тарихының бетбұрыс кезеңдерінде, құрылтайда қоғамды топтастыруға ықпал еткен халық құрылтайы ұлттық қауіпсіздік мәселелерінде шешуші рөл атқарды.

«Өзінің тарихи өткенін терең қастерлейтін қазақ халқында дәстүр сабақтастығы өте дамыған. Жаңа Қазақстанды құрудың негізгі идеялары дәл осы сабақтастық қағидаттарына негізделген. Құрылтайларды өткізудің ежелгі дәстүрін жаңғырту республикадағы демографиялық теңгерімді қалпына келтіру, байырғы ұлт өкілдері арасында тарихи және мәдени байланыстарды қолдау, Отанымызда және шетелде қазақтардың өмір сүруі үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету, сондай-ақ этникалық қазақтардың тарихи отанына оралу мақсатында жүреді. Құрылтайлар ұлттық және азаматтық бірегейлік негізінде қазақстандық қоғамды Жаңа Қазақстан идеясы төңірегінде топтастыру жөніндегі өзінің тарихи миссиясын орындауға арналған», - деді Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университеті тарих факультетінің деканы Тілеген Садықов.

«Қазақстан Республикасы егемендігі мен тәуелсіздігінің қалыптасу кезеңінде – 1992 жылы Алматыда әлемнің барлық елдеріндегі қазақ диаспорасын біріктірген қазақтардың І дүниежүзілік құрылтайы өтті. Осы Құрылтайдың нәтижесінде Қазақстан халқы Ассамблеясының, қазақ диаспорасының мәдени ұлттық орталықтары құрылды, республикада Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы құрылды, содан соң әлемдік және дәстүрлі діндер форумдары және т.б. өткізіліп келеді», -  сөйледі Астана қаласы «Өзбек этномәдени орталығы» ҚБ төрағасы, Ұлттық Құрылтай мүшесі Шерзод Пулатов.

«Туған елім – тірегім» көрмесі Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті кітапханасының мұражайлық, мұрағаттық және кітап қорлары негізінде құрылған және екі бөлімнен тұрады:

І. «Құрылтай – ата-баба дәстүрін жаңғырту». Бұл бөлімде этностың тіршілік әрекетінің маңызды мәселелерін шешу үшін бүкіл әлемнің қазақтарын біріктіруге арналған Халық Жиналысының қалыптасу тарихы туралы материалдар ұсынылады.

ІІ. «Сабақтастық курсы. Жаңа Қазақстан». Бұл бөлімде тәуелсіздік жылдарындағы Құрылтай қызметінің негізгі аспектілері, мемлекет пен қоғамның ұлттық бірігуі, Қазақстан халқының бірлігін нығайтуға бағытталған күш-жігерінің перспективалары ашылады.