«ТҰҢҒЫШ-ПЕРВЫЙ» КИНО АПТАЛЫҒЫ БАСТАЛДЫ

12 желтоқсанда Елбасы кітапханасында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған дәстүрлі «ТҰҢҒЫШ-ПЕРВЫЙ» кино апталығы басталды.

Мерекелік кино көрсетілімінің алғашқы көрермендері Экономика және қаржы колледжі мен Басқару колледжінің студенттері және Астана қаласының № 59, 79 мектеп-лицейінің оқушылары болды.

Оқушыларға экскурсия ұйымдастырылды. Робот-гид iDos пен оның жүргізген викториналық ойыны жас келушілерді шынайы қуанышқа бөледі. Балалар өзгеше гидтің сұрақтарына жауап беріп, сертификаттар алды.

Жасөспірімдер экскурсия ұйымдастырушыларына тосын сый жасады. № 59 мектеп-лицейінің 5 «В» сынып оқушылары Рамазан Нұржанов пен Нұрахмет Қиманов Отан туралы қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде өлең оқыды, ал Айсұлу Маликова «Балбырауын» күйін домбырада ойнады. № 79 мектеп-лицейінің 6 «Б» сынып оқушысы Мағжан Жақсылық Тәуелсіз Қазақстан туралы мәнерлеп өлең оқыды.

– Мен Елбасы кітапханасынан еліміз, Президентіміз туралы, оның балалық шағы, туған жері мен оқуы, жұмыс істеген жері туралы көп ақпарат алдым. Бәрінен бұрын 3D голограммасы қатты ұнады, одан Елбасының ордендерін көрдік, – деп Рамазан Нұржанов әсерімен бөлісті.

№59 мектеп-лицейінің 5 сынып оқушысы Дана Дүйсеноваға Президенттің балалық шағы мен сабақты қалай оқығандығы қызықты болған. Оған да iDos робот қатты ұнаған.

– Мен Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының интерактивті фотоальбомын қызығушылықпен қарадым. Ата-анама экскурсия туралы, Елбасы кітапханасының әдемі ғимараты жайлы айтамын, мұнда көптеген қызықты жайттармен танысуға болады, – деді Мағжан Жақсылық.

Экскурсиядан кейін кітапхананың киноконцерт залында Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың балалық шағы туралы «Балалық шағымның аспаны» кинофильмі көрсетілді.