«Тұңғыш» қалалық байқауда күміс жүлдені иеленді

Жылда «Нұр Отан» партиясына қарасты бастауыш партия ұйымдары арасындағы үздіктер анықталады. Игі дәстүр биыл да жалғасын тапты. Бүгін республикалық деңгейдегі байқауда Астананың намысын қорғайтын ұйымдар анықталды. Бас қаладағы 350 бастауыш партия ұйымының 17-сі қалалық іріктеу кезеңіне сүрінбей өткен. Үміткерлер 3 санат бойынша өзара бақ сынады. Біріншіден, ұйымдағы адамдардың саны 100-ге дейінгі, екіншіден, 100-500 мүшесі бар және үшіншіден, 500-ден астам өкілі бар ұйымдардың қызметі бағаланды. Алғашқы санат бойынша Елбасы кітапханасындағы «Тұңғыш» бастауыш партия ұйымы қалалық байқауға жолдама алды. Оның төрағасы, Кітапхана директорының орынбасары Жапсарбай Қуанышев бір жылда атқарылған жұмыспен таныстырды. Ұйымның іргетасы бір жарым жыл бұрын қаланғанымен, қол жеткен жетістіктер көп. Оның қатарындағы 50 қызметкер қоғамдық шаралардан сырт қалмайды.

0U3A3376

– «Тұңғыш» ұйымының қызметі Елбасы кітапханасының жұмысымен тығыз сабақтасады. Себебі бет алған бағытымыз, мүддеміз бен мақсатымыз ортақ. Оның аясында жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, оларды еліміздің өнегелі тұлғаларымен жүздестіруге бағытталған тағылымды басқосулар дәстүрге айналған. Партияның барлық жобаларына өзіндік үн қостық. «Ардагерлерді ардақтайы», «Бақытты балалық шақ», «Жемқорлықсыз ел - гүлденген ел», «Ұлы дала елі», «Сәтті қадам" бастамалары аясында қайырымдылық, танымдық, мәдени-ағартушылық, спорттық шаралар ұйымдастырылды. Жұмысымыз жүйелі және тұрақты сипатқа ие. 2016 жылдың 9 айы бойынша 24 ауқымды шара өткізілді, - деп ұйымның қызметін Жапсарбай Ілиясұлы баяндады.

Байқау талаптарына сәйкес әрбір ұйым бір жылда атқарылған ізгі жұмыстарын таныстырды. Оларды қазылар алқасы жіті тыңдап, қара қылды қақ жаратын тоқтамын шығарды. Бірінші санат бойынша «Тұңғыш» ұйымы ІІ орынды иеленді. Бас жүлдені «Астана-Теплотранзит» жеңіп алса, үштікті «Қазақстан-инжиринг» түйіндеді.

0U3A3434

Екінші санат бойынша І орын «KEGOC» бұйырса, «Астана-Зеленстрой» және «Цеснабанк» күміс жүлдені өзара бөлісті. Үшінші дәрежелі марапат «Республикалық диагностикалық орталық» бастауыш партия ұйымына табысталды.

0U3A3366

Үшінші санат үміткерлері арасында «Халықаралық әуежай» өкілдері топ жарды. «Денсаулық» ұйымы ІІ орынға лайықталса, қола жүлдемен «Ұлттық ғылыми-медициналық орталық» марапатталды.

Қалалық байқауда бағын сынаған барлық бастауыш партия ұйымдары «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалының алғыс хаттарын иеленді. Жанкүйерлер ерекше белсенділік танытып, әріптестеріне демеу көрсетті.

–Бүгінгі байқау командалық рухтың, ауызбіршіліктің нағыз үлгісін танытты. Тақым қысып, бір-бірімізге демеу көрсеттік. Тек ұйымның атқарған жұмыстары ғана паш етілген жоқ. Байқау - өзара тәжірибе алмасу алаңына айналды. Оның арқасында келешектегі жұмысты жетілдіруге мүмкіндік ашылады, - дейді «Тұңғыш» бастауыш ұйымының мүшесі, Елбасы кітапханасы Хаттама секторының меңгерушісі Құралай Шәйкенова.

0U3A3498

– «Тұңғыш» бастауыш партия ұйымы арасындағы байқауға алғаш рет қатысты. Төгілген тер бағаланып, жүлделі орыннан көріндік. Бұл – елеулі жетістік. Бірақ жұмысымызды қамшылап, келесі жылы бас жүлдені иемденуге дәмеліміз, - дейді  «Тұңғыш» бастауыш ұйымының мүшесі, Елбасы кітапханасы Ғылыми-білім беру бағдарламалары секторының меңгерушісі Күнсұлу Исинова.