Елбасы кітапханасында Қазтұтынуодағының Жоғары сауда-экономикалық колледжінің студенттеріне «Тұлғадан – өнеге, тарихтан тағылым» семинары өткізілді.
Семинардың ашылуында Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова сөз сөйлеп, қатысушыларды Тұңғыш Президент күнімен құттықтады.
– Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында еліміз мықты, әрі жауапкершілігі жоғары Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынымыз және бұқаралық сананы қалай өзгертетініміз туралы көзқарастарын ұсынған. Осы орайда ұсынылатын сабақтар бойларыңыздағы еліміз бен тарихымыз туралы түсініктеріңіз бен ұлттық рухани байлықтарыңызды толықтырып, дамытуға ықпал етеді деп сенеміз,-деді Ботагөз Мұттахиденқызы.
Семинар барысында кітапхананың ғылыми-білім беру бағдарламасы бойынша «Елбасытану» дәрісі, «Қазақстан Республикасындағы сайлау жүйесі» және «Батырлар институты: дәстүр, мәртебе, қару-жарақ» музейлік сабақтары ұсынылды. Сабаққа қатысушылар кітапхананың ғылыми-іздестіру жұмыстары бойынша жинақталған материалдармен танысып, рөлдік ойынға қатысып, музей жәдігерлерін қолмен ұстап көруге мүмкіндік алды.
«Бүгінгі семинар оқушылардың бойында рухани сілкініс туғызды деп ойлаймын. Себебі Елбасының бойындағы көшбасшылық қабілеттің қалыптасу факторларымен таныса отырып, тренинг барысында өз бойларындағы жеке қасиеттерін қалыптастырды. Ал қазақ халқының бес қаруын өз қолдарымен ұстап, сезінудің әсері, тіпті бөлек. Семинарды ұйымдастырушыларға үлкен алғысымды білдіремін»,-деп ой бөлісті колледж оқытушысы Сәуле Құндызбекова.

