«ТУҒАН ЖЕРІМ» ХІІІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЛАЛАР МЕН ЖАСӨСПІРІМДЕР ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

8 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында «Туған жерім» ХІІІ республикалық балалар шығармашылық байқауының нәтижелері бойынша жеңімпаздары марапатталды және көрменің ашылуы өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне және елорданы Астанаға көшірудің 20 жыл толуына арналды.

«Туған жерім» республикалық байқауы алғаш рет 2004 жылы басталған. Аталған жобаның бастамашысы Қазақстанның мәдени мұрасы мен шығармашылық бастауларға қолдау көрсету «Байта» қайырымдылық қоры болды. «Туған жерім» республикалық балалар шығармашылығы байқауы жыл сайын Тәуелсіздік күні қарсаңында Елбасы кітапханасының «Балалық шақтан көзқарас» балалар жобасы аясында Астана қаласының балалар көркемсурет мектебі – ЮНЕСКО клубымен бірлесіп өткізіледі.

Ұсынылған жұмыстар заманауи балалар көркем шығармашылығының жетістігін, байқауға қатысатын жұмыс жетекшілерінің кәсіби шеберлігінің деңгейін көрсетеді. Жыл сайын байқаудың шарты бойынша орындалу техникасы ұйымдастыру комитетімен қарастырылады. Байқау жарияланғаннан бері кескіндеме, мүсін және әртүрлі техникаларда орындалған сәндік-қолданбалы өнер туындылары ұсынылды. Бүгінгі шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» арнайы жобасын жүзеге асыру аясында өткізілді. Байқаудың идеясы рухани жаңғыру шарттарына сәйкес келеді. Шындығында, елжанды отансүйгіш азаматты тәрбиелеудің алғышарттары Мемлекет басшысы ұсынған: «Туған жерге деген сүйіспеншілік Туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады» идеясына негізделген. Биылғы жылы әділ қазылар алқасының назарына балалардың «пастель» техникасында орындалған еліміздің барлық өңірлерінен 400-ден астам жұмыстар ұсынылады. Қатысушылар – 10–16 жас аралығындағы көркемсурет мектептерінде және өнер мектебінің көркемсурет бөлімінде оқитын, Қазақстан Республикасы Оқушылар сарайының шығармашылық үйірмелерінде және бейнелеу өнері студияларында тәлім алатын балалар. Көрмеде «Отан» ұғымына сайып келер еліміздің жасөспірім азаматтарының көзімен бейнеленген туған жердің, Астананың көркі ұсыналады.

Іс-шараны Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Әмірхан Рахымжанов ашты. Осыдан 13 жыл бұрын Әмірхан Мұратбекұлы Астана қаласы Білім департаментінің бастығы болып тұрғанда алғашқы байқау жеңімпазын марапаттаған.

– Мен туған жерімізге, Отанымызға арналған тақырыптағы байқаудың қорытындысын шығаратыныма ерекше ризамын. Байқаудың жалғасын тауып, әрі дамып келе жатқаны, жас дарындыларды ынталандырып, бастау алаңы қызметін атқарып тұрғаны қуантарлық жайт. Сіздер, біздің жас суретшілер таяу уақытта танымал болып, Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын жүзеге асырушысы болатындарыңызға сенімдімін, – деген Ә. Рахымжанов балалар мен ұстаздарына шығармашылық табыс пен жетістік тіледі.

Жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне Астана қаласының Білім басқармасының бастығының орынбасары Асыл Амангелдиева, Қазақстанның мәдени мұрасы мен шығармашылық бастауларға қолдау көрсету «Байта» қайырымдылық қорының директоры Светлана Махат, Астана қаласының балалар көркемсурет мектебі – ЮНЕСКО клубының директоры Гүлзия Исенова қатысты.

Үшінші дәрежелі дипломмен Нұрсұлу Ниетбаева (Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы), Меруерт Қадыржанқызы (Бадамша ауылы), Темирис Ғазимжанова (Қостанай), Айнұр Садиева (Талдықорған), Көркем Сүгірбаева (Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы), Айым Қосан (Көкшетау), Татьяна Флейшавер (Тараз) марапатталды.

Екінші дәрежелі дипломына Дана Мусина (Павлодар), Эмилия Жәңгірова (Орал), Әсем Бектемірова (Қарағанды), Ясмин Бағытжанова (Петропавл), Инесса Фатыхова (Рудный), Полина Пучич (Лисаков) ие болды.

Бірінші дәрежелі дипломын Камила Жеңіс (Екібастұз), Екатерина Путилова (Шахты) жәнеҰлбала Төлекова (Шымкент) иеленді.

– Мен сурет салғанды жақсы көремін. Сегіз жасқа толғанда алғаш көркемсурет мектебінің табалдырығын аттадым. Қазір жасым он үшке келді. Өзімнің байқауға қатысқан жұмысымда Отаныма деген ерекше сүйіспеншілігімді, оған деген көзқарасымды көрсетуге тырыстым. «Туған жерім» байқауының ұйымдастырушылары мен ұстазым Айнұр Әшітқызына алғысым шексіз, – деді Камила Жеңіс.

«Туған жерім» ХІІІ республикалық байқауының бас жүлдесін Степногор қаласынан Жансая Естай және Өскемен қаласынан Әйгерім Орынбековалар жеңіп алды. Оларға диплом мен сыйлықтарды Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Әмірхан Рахымжанов табыстады.

Жансая Естайдың айтуынша, ол көркем сурет мектебіне биыл ғана барған. Алғашқы бақ сынаған сайысы – «Туған жерім» байқауы болды. Жансая болашақта сәулетші болуды армандайды.

– Мен суретімде Астананың кішкентай үйлерден тамаша заманауи қалаға айналғанын бейнеледім. Мұндай байқауда жеңіске жету мен үшін үлкен мәртебе. Көркемсурет мектебін бітіргеннен кейін осы бағытта білім алуды жалғастырып, дизайнер болғым келеді, – деп бөлісті өз жоспарымен Әйгерім Орынбекова.

«Туған жерім» байқауы жеңімпаздарының жұмыстары оң жағалаудағы Елбасы кітапханасының Музейі ғимаратында ағымдағы ай бойы ұсынылады. «Туған жерім» көрмесі 2018 жылдың 8 қаңтарына дейін жалғасады.