«Туған жер» көрмесіндегі туындылар паш етілді

«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының Музейі ғимаратында (Бейбітшілік көш., 11) тың туындылармен танысуға мүмкіндік бар. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының Көркемөнер академиясының академигі, кескіндемеші Марат Тоқсейітовтың «Туған жер» жеке көрмесі ашылды.

DSC_2552

- Бірнеше жылдардың жұмысын қамтыған экспозиция Марат Төлегенұлының 70 жылдық мерейтойы қарсаңында ашылып отыр. Суретшінің жарты ғасыр бойы бейнелеген көркемдік әлемі адамды еріксіз сиқырлап, өзіне тартады. Марат Тоқсейітовтың шығармашылығында өзінің туған өлкесін шексіз сүйетін суретшінің лирикалық қыры ашылады», – деп атап өтті Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы директорының орынбасары Күляйша Ақтаева.

DSC_2541

Марат Төлегенұлы негізінен портрет және пейзаж жанрларында жұмыс жасайды. Шебердің туындыларынан туған өлкеге деген сүйіспеншілік, ауыл өмірінің күнделікті тыныс-тіршілігінің әсемдігі бірден көзге түседі. Автор туып-өскен үйінің жылуын ешқашан естен шығармайтын әрбір жанға етене таныс көріністерді дәлме-дәл жеткізеді.

- Әрбір адам үшін кіндігі кесілген жер – киелі әрі қастерлі. Мен оны өзімнің төлтуындыларым арқылы жеткізуге тырысамын. Бүгінгі көрмені туған жеріме Қостанай облысының Қарабалық ауданындағы ауылыма және тұңғыш қолыма қалам ұстатып, суретші ретінде қалыптасуыма үлкен үлес қосқан алғашқы ұстазыма арнаймын. Көбіміз ауылда туып-өстік. Отандастарыма «дүниеге келген туған жерлеріңді ұмытпай, оған қамқор болыңдар» дегім келеді. Бұл – менің авторлық еңбектерім ұсынылған көрменің басты мақсаты, - деп жеке көрмесінің ерекшелігі жайлы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Марат Тоқсейітов сыр шертті.

Қылқаламмен бейнелерді сөйлеткен суретші көпшіліктің ыстық ықыласына бөленген.

DSC_2560

2005 жылы қылқалам шеберіне «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілген. Ол 2006 жылы Қазақстан Республикасының Көркемөнер академиясының академигі атанды. 2011 жылы Марат Тоқсейітов ҚР Суретшілер одағының ең жоғары марапаты алтын омырау белгісін иеленді. 2015 жылы суретші «Құрмет» орденімен марапатталды.

 

Көңіл-күй мен уақытты айқын жеткізу асқан шеберлікті талап етеді. Оның арқасында Марат Тоқсейітовтың жылдың әр мезгілін сипаттайтын пейзаждары алыстан менмұндалайды. Суретшінің барлық жұмыстары туған жерге деген ерекше махаббат, сағыныш пен жанашырлық сезімдеріне тұнып тұр. Оған шебердің 40-қа жуық туындысы ұсынылатын «Туған жер» көрмесінде көз жеткізуге болады.

DSC_2609

«Туған жер» көрмесі 2017 жылдың 10 ақпанына дейін жалғасады.

DSC_1403