Үстіміздегі жылдың 23 ақпанында Елбасы кітапханасының Музейінде «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру аясында оқу сабақтары басталды.

«Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Бұл кез келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени- генетикалық кодының негізі», – деп жазады Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында. Президент айтып өткендей, ғасырлар бойы біздің ата-бабаларымыз кең байтақ жерімізді қорғап, ұшан-теңіз берекелі жерімізді кейінгі ұрпақ үшін сақтап қалды.
Мемлекет басшысының пікірінше патриотизмнің нағыз үлгісі – орта білім беретін мектептерде туған өлкенің тарихын зерделеу. «Туған жер» бағдарламасы жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналады. Туған жерге деген сүйіспеншілік Туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады», – деп атап өтті Н. Назарбаев.

Қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі Жанар Дүйсебаева Тұрар Рысқұловтың қызметіне арналған «Шерхан Мұртаза. Тұтқын бала» сабағын өткізді. Сабаққа Астана қаласы № 8 орта мектептің 70 оқушысы қатысты.
Балалар «Тарихшылар», «Зерттеушілер», «Әдебиетшілер» топтарына бөлініп, топтық жұмыс барысында өздерінің шығармашылық қабілеттерін танытты. Балалар өздерінің дайындаған таныстырылымы мен баяндамаларын қорғай отырып, өз еліне деген шынайы сүйіспеншіліктерін жеткізді.

Қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі Бақыт Ғабдуллина сабақтың жоғары әдістемелік деңгейде өткенін атап өтті:
– Балалар үшін сабақтың мектептен тыс жерде өткізілгені өте қызықты болды. Сабақта барлық балалар, тіпті оқу үлгірімі төмендеу балалар да белсенді жұмыс жасады. Үш сынып қосылып отырғанына қарамастан, барлығы сұрақтарға жауап беріп, таныстырылымдарын ұсынды. Топтық жұмыс әдісі өте тиімді қолданылды. Мұндай оқу сабақтары балалардың бойында әділдік, өз еліне деген мақтаныш, патриоттық сезімдерін ұялатады.
