Елбасы кітапханасының онлайн-дәрісіне қатысқан Нұр-Сұлтан қаласының №16 орта мектебінің оқушылары Қазақстанның бас қаласы туралы қызықты деректермен танысты. Мәселен, жаһандық рейтинг агенттіктерінің бірінің нұсқасы бойынша еліміздің елордасы әлемдегі ең үздік 30 қаланың қатарында тұрғанын, ал 1846 жылы салынған қаладағы ең көне ғимарат – Сәкен Сейфуллиннің музейі орналасқан үй екенін білетіндер аз. Осы және басқа да мәліметтерге балалар «Астана – тәуелсіз Қазақстанның символы» дәрісінде қанықты.
Елбасы кітапхансының Әлеуметтік-ағартушылық және білім беру жобалар қызметінің жетекші ғылыми қызметкері Назира Мусина оқушыларға тәуелсіз Қазақстанның астанасы құрметіне ие болған бас қаланың қалыптасуы мен даму тарихы туралы баяндады. Нұр-Сұлтан бүгінде жер-жаһанға халықаралық диалог орталығы ретінде танылған қала. Бұл шаһарда барлық саяси көзқарас пен мүдделес және діни сенім өкілдері келіссөздер жүргізу үшін бас қосады. Бұл жоғары бедел Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың көпжылдық дана және көреген саясатының нәтижесі болып табылады.
Дәріскер осы жердің терең тарихын тілге тиек етіп, қазіргі астана аумағындағы ежелгі және орта ғасырлардағы елдімекендер мен қалалар туралы тарқатып айтты. Ортағасырлық Бозоқ қалашығы балалардың ерекше қызығушылығын тудырады. Әсіресе, оқушыларға Есіл археологиялық экспедициясының нәтижелері көрсетілгеннен кейін олардың жиһангерлік құмарлығы арта түседі.
Онлайн-дәріс барысында оқушылар Ақмола атауының этимологиясы, сол кезеңдегі тарихи ескерткіштер, жергілікті жердің қала мәртебесіне ие болуы, кеңес заманындағы Целиноград – Ақмоланың дамуы туралы толық мағлұмат алды.
Лекцияның ең маңызды блогы – астананы көшіру тарихы және оның халықаралық имиджін нығайту болып табылады. Бұл тақырып Елбасы кітапханасы қорындағы бірегей мұрағаттық материалдармен: тарихи фотосуреттермен және құжаттармен, сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев іске асырған астананың маңызды сәулет құрылыстарының эскиздерімен ұсынылған.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Елбасы кітапханасы музейінің жаңа ғимаратында Қазақстан астанасы туралы үлкен экспозиция ашылған. Мұнда барлық ақпарат заманауи ақпараттық технологиялар арқылы ұсынылған. Мысалы, қаланың заманауи дамуын жер шарындағы астананы белгілеуден басталып, кілем бейнесімен жалғасатын мэппинг-шоу көрсетеді. Кілемде қаланың философиялық бейнесі ретінде, ою-өрнектер мен символдар арқылы Нұр-Сұлтан қаласының бүкіл картасы көрсетілген. Елорданы көрермендер әлемнің бір бөлігі, аумағы, халықтар бірлігі мен жақсылықтың белгісіндей қабылдайды.

