Еліміздің мерейлі белесіне арналған «25 жұлдызды күн» аясындағы мерекелік шаралар легі жалғасын табуда. Бүгін Елбасы кітапханасында мемлекетіміздің жаһандық миссиясына айналған ядролық қарусыз әлем құру бастамасы кеңінен қаузалды. Келушілердің назарына ширек ғасыр бұрын әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан бас тарту тарихы және еліміздің бейбіт өмірге үндейтін құжаттар паш етілді.
Семей ядролық полигонын жабу – егемен Қазақстанның алғашқы және теңдессіз жеңісі. Сындарлы шешімнің жемісін тарих куәгерлеріне айналған бірегей құжаттар мен бейнематериалдар айғақтайды. Олардың дені ғылыми-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде олжаланды. Елбасы кітапханасының мұрағатшылары 500-ден астам құнды материалды жинап, тамыз айындағы көрмеде көпшіліктің назарына ұсынды.

– 40 жыл бойы ядролық қару сыналған Семей полигонын жабу – Елбасымыздың ерен еңбегі. Мемлекет басшысының көрегенді және сарабдал саясатына, еліміздің бітімгерлік бастамаларына жер-жаһан көз тігіп отыр. Оларды паш ететін тарихи құжаттарға, бірегей бейнематериалдарға жас ұрпақтың қызығушылығы жоғары. 25 жыл бұрын қабылданған шешімнің маңыздылығын кейінгі толқын жете түсінуі тиіс, - деп атап өтті интерактивті үстелдің жұмысымен таныстырған Архив жұмысы секторының аға сарапшысы Арайлым Жүнісова.
Ядролық қарусыз әлем құру жаһандық қауіпсіздіктің кепілі екендігі даусыз. Елбасының бейбіт өмірге үндейтін бастамаларына төрткүл дүние назар аударып отыр. Мемлекет басшысының «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі әлем жұртшылығын елең еткізді.
