Еліміздің мерейлі белесіне арналған «25 жұлдызды күн» аясындағы мерекелік шаралар легі жалғасын табуда. Бүгін Елбасы кітапханасында төл теңгеміз ұлықталды. Келушілердің назарына ұлттық валютаның тарихынан сыр шертетін мұрағат құжаттары паш етілді. Төл теңгені шығару тәуелсіз еліміз үшін сындарлы кезеңмен тұспа-тұс келді. Оның барысы Елбасымыздың қатаң бақылауына алынды. 1993 жылдың 15 қарашасында Тәуелсіз Қазақстан Республикасының төл валютасы айналымға енді. Дәл сол күні таңғы сағат 8.00-ден ескі ақшаны қазақстандық теңгеге айырбастау жұмыстары қолға алынған. Бұл одан үш күн бұрын Мемлекет басшысы қол қойған «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» Жарлықта көрсетілді.
– Ұлттық валютаны айналымға енгізілуі нарықтық инфрақұрылымды қалыптастырудың аса маңызды қадамына айналды. Бастапқыда теңгемен қатар тиындар ішкі нарықта қолданылғаны мәлім. Уақыт өте келе соңғысы айналымнан шықты. Банкноттардың дизайны да өзгеріске түсті. Оны әлемдік сарапшылар да жоғары бағалады. 2014 жылы Халықаралық банкнот қоғамдастығы 1 000 теңгені ең әдемі деп таныған. Бүгінде төл теңгеміз тәуелсіздігіміздің тірегіне, елдігіміздің белгісіне айналды. Әлеуеті нығайған, беделі артқан төл ақшамыз – біздің мақтанышымыз. Бүгінгі шара арқылы оның маңыздылығын жастарға түсіндірдік, - дейді Мұрағат жұмысы секторының жетекшісі Жангелді Бимолдин.
Тарихи құжаттар арқылы теңгенің әртүрлі жылдардағы үлгісін тамашалауға мүмкіндік бар. Олардың арасында қолданыстағы және айналымнан шығарылған банкноттар бар. 2015 жылы 20 мыңдық теңге номиналы шығарылды.
Бүгінде теңге барлық халықаралық тараптарға жауап береді. Оның қорғаныс қабілеті және дизайны озық үлгіде жасалғанын атап өту қажет.

