Тәуелсіздіктің 25 негізі: отбасылық құндылықтар

Еліміздің мерейлі белесіне арналған «25 жұлдызды күн» аясындағы мерекелік шаралар легі жалғасын табуда. Бүгін Елбасы кітапханасында отбасылық құндылықтар ұлықталып, олардың маңыздылығы қаузалды. Бақытты шаңырақтың кілтін Елбасы кітапханасының Мұрағат жұмысы секторының жетекшісі Жангелді Бимолдин тапқан. Ардақты әке, асыл жар 17 жыл бұрын жұбайымен некесін қиған. Бүгінде ерлі-зайыпты 4 баланы тәрбиелеп отыр. Оның үлкені 16-да, кенжесі 3 жаста.

IMG-20160316-WA0024

— Отбасылық өмірге қадам басу жауапкершілікті талап етеді. Оны терең сезіне білу шарт. Біздің шаңырағымызда өзара түсіністік және бір-бірімізге сыйластық билік құрған. Бұл – отбасы бақыты мен беріктігінің басты кепілі. Ата-анаға, үлкендерге деген құрмет сезімін балаларымыздың бойына ұялатуға баса мән береміз. Біз үшін өткен жылы алтын тойын тойлаған, биыл отау құрғандарына 51 жыл толған ата-анам үлгі. Олар жарты ғасырдан астам уақыттан бері тату-тәтті өмір сүріп, бір-бірінің көңіліне қаяу түсірмеген.  Жұптары жарасқан көнекөз қарияларымыз «сабыр түбі – сары алтын» екендігін қаперімізге салып, бағыт-бағдар береді. Ата-анамның отбасылық және өмірлік жолына бой түзеп, құнды ақыл-кеңестеріне құлақ түреміз, - дейді Жангелді Біржанұлы.

Отбасылық институттың маңыздылығы көмескіленсе, дәм-тұзы жараспаған  жұптар, перзентханаға тапсырылатын бейкүнә балалардың саны көбейетіні белгілі. Некесін қиған ерлі-зайыптылардың ажырасуына жол бермеу үшін дәстүрлі құндылықтарды дәріптеу, жастарды отау құруға жауапкершілікпен қараудың қажеттігі түсіндіру жұмыстары мықтап қолға алынған. Елбасымыздың бастамасымен 2013 жылдан бері елімізде Отбасы күні мерекеленіп, көпшілік асыға күтетін ізгілікке толы мейрамға айналды. Өнегелі әулеттерді тоғыстыратын «Мерейлі отбасы» жыл сайынғы игі дәстүрге айналды. Көпшіліктің көзайымына айналған байқау арқасында ұлттық құндылықтар отбасынан бастау алатыны айқын жеткізіледі.

IMG-20160319-WA0003

Келушілердің назарына мемлекеттің мызғымас тірегіне айналған институттың дамуы мұрағат құжаттары және бейнематериалдары арқылы паш етілді. Жастар мазмұнды «Мерейлі отбасы» және «Ананың дауысы» деректі фильмдерін тамашалады.