Тәуелсіздіктің 25 негізі: мемлекеттік тіл

Еліміздің мерейлі белесіне арналған «25 жұлдызды күн» аясындағы мерекелік шаралар легі жалғасын табуда. Бүгін Елбасы кітапханасында мемлекеттік тілге құрмет көрсетілді. Келушілердің назарына ана тіліміздің көсегесін көгертуге бағытталған тарихи шешімдер, қабылданған заңнамалық құжаттар паш етілді.

4

Ұлттық қазынамыздың мәртебесін көтеру, қолданыс аясын кеңейту жұмыстары тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қолға алынды. Ана тілімізді жетік меңгеруге ниет білдіргендер үшін тегін оқыту курстары ашылып, оның тиімділігін арттыратын бағдарламалар пысықталды. Оның арқасында қазақ әліпбиіне көпшіліктің қызығушылығы оянды. Мемлекеттік тілдің жанашыры Құралай Шайкенованың пікірі осыған саяды. Тәжірибелі маман талай жыл білім саласында тер төгіп, мемлекеттік тілді дәріптеуге білек сыбана атсалысқан.

– Осыдан 26 жыл бұрын «Тіл туралы» заң қабылданып, қазақ тіліне мемлекеттік тілдің мәртебесі берілді. Небір шиеленіскен дауды шешкен бір ауыз сөздің құдіреті баршамызға мәлім. Қазақ тілі, ана тіліміз от ауызды, орақ тілді бабаларымыздан қалған мұра, әрісін аманат. Оны құрметтеу және қаймағын бұзбай сақтап, ұрпаққа жеткізу - бізге артылатын жауапкершілік. Күнделікті қызметімізде туған тілімізді шұбарламай, мәртебесін көтеруге ат салысамыз, - деп ана тіліміздің бүгінгі тынысын Елбасы кітапханасы Хаттама секторының меңгерушісі Құралай Шаденқызы бағамдады.

Болашақ – қазақ тілінде. Оны түсінетіндердің қатары қалыңдаған. Бүгінде өзге ұлт өкілдері балаларын қазақша мектепке жетектейтіні үйреншікті үрдіске айналды. Тіс қаққан маманның сөзіне сүйенсек, тілге деген құрметті бала бойына балабақшадан, мектептен қабырғасынан ұялату қажет.
0U3A0344

– Еліміз тәуелсіздіктің ширек ғасырлық белесінде мемлекеттік тілге ерекше көңіл бөлуде. Менің пікірімше, ұлттық қазынамыз әлі де өз орнын ойып алған жоқ. Қазақшаның көсегесін көгерту үшін  сапалы қазақша медиа-өнімдерді көбейткен жөн. Дүкенде, көшеде және басқа қоғамдық орындарда қазақша сөйлеп, қазақша жауап беруіміз керек, - деп түйді Құралай Шәденқызы.