Еліміздің мерейлі белесіне арналған «25 жұлдызды күн» аясындағы мерекелік шаралар легі жалғасын табуда. Бүгін Елбасы кітапханасында Мемлекеттік шекараны шегендеудің тарихы паш етілді. Келушілер Елбасының жеке қорындағы бірегей құжаттармен және мазмұнды бейнематериалдармен танысты. Ел шебін заңды түрде ресімдеу жұмыстары азаттықтың ақ таңы атқан жылдардан қолға алынды. 1993 жылы «Мемлекеттік шекара туралы» заң қабылданды. Көрші мемлекеттермен талай жылға созылған күрделі және қиын келіссөздердің нәтижесі – Елбасының сындарлы саясатының жемісі.
– Мен тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ҚР Президентінің әкімшілігінде қызмет етіп, «Мемлекеттік сәйкестілік туралы» тұжырымдаманы дайындаудың басы-қасында болдым. Онда тәуелсіздіктің негізі – мемлекеттік шекара деп көрсетілді. Талай жылдардан кейін құжаттың өмірге жолдама алғанына куә болдық. 5 мемлекетпен шекарамыз шегенделіп, нық бекітілді. Ол үшін талай күш-жігер жұмсалды, көп жұмыс атқарылды. Мамандарымыз шекара бойымен жаяу жүріп, әрбір шақырымды есепке алды. Мемлекеттік шекараны заңды түрде ресімдеу барысында көрші мемлекеттермен келіспеушіліктер орын алғаны белгілі. Оның барлығы Елбасымыздың көрегенділігі арқасында шешімін тапты, - деп кешегі тарихымызға Елбасы кітапханасының ғылыми қызметкері Ғазиз Телебаев үңілді.
Тәуелсіздік пен шекара – егіз ұғым. Оның мызғымастығын қамтамасыз ету, көздің қарашығындай сақтау – еліміздегі әрбір азаматтың міндеті. Бұл - мемлекетіміздің тұрақты дамуының кепілі. Бүгінде ел шебі татулық пен достықтың шекарасына айналғаны хақ.
– Бүгінде шекарамыз шегенделген, өзінің аумағы бойынша әлемде 9 орынды иеленген мемлекет атандық. Қазақтың иен даласы, сулы-нулы мекендерін сақтау – бүгінгі ұрпақтың парызы. Кейінгі толқынның бойында дәл осындай сезімді қалыптастыру қажет. «Менің елім» деген түсінік тікелей мемлекеттік шекарамен сабақтасады. Оның арқасында тату-тәтті өмір сүріп, өзге елдермен алыс-берісіміз күшейіп отыр. Бұл туралы өзімнің студенттеріме жиі айтамын. Жалпы мемлекеттік шекараға деген қадір-қасиетті балабақшадан, мектептен бастап бойға сіңіру қажет, - деп түйді Ғазиз Телебаев.
