Тәуелсіздіктің 25 негізі: ғылым мен жаңа технологиялар

Еліміздің мерейлі белесіне арналған «25 жұлдызды күн» аясындағы мерекелік шаралар легі жалғасын табуда. Бүгін Елбасы кітапханасында Қазақстанның ғылыми-техникалық және технологиялық әлеуеті кеңінен қаузалды. Келушілердің назарына еліміздегі ғылыми-инновациялық жүйенің бет алысын, ширек ғасырда отандық ғалымдардың жеткен жетістіктерін, индустриалдыруға серпін беретін әзірлемелер мен зерттемелерді паш ететін мұрағат құжаттары мен фотосуреттері ұсынылды. Көпшіліктің қызығушылығын «Ғылым және жаңа технологиялар» тақырыбындағы деректі фильм оятты.

0U3A86255

– Бүгінде технологиялық кеңістікте бәсекелестік күшейіп, ғылыми-инновациялық процестің маңыздылығы артты. Елбасымыз әрбір сөзінде және барлық стратегиялық құжаттарда адами және зияткерлік капиталды дамытуға басымдық береді. Бүгінде заманауи халықаралық тәжірибеге негізделген ғылымды және инновацияларды өркендетудің жүйелі жұмыстары қолға алынған. Жастардың ғылымға бетбұрысы артып, маңызды қолданбалы және іргелі зерттеулер көбейгені қуантады. Олар инновациялық бастамалардың негізіне айналып, экономикада және өнеркәсіпте кәдеге жаратылады және мүмкіндіктер көкжиегін кеңейтеді.  Тарихқа айналған экономикалық серпілістер жайлы жас ұрпаққа Елбасы кітапханасының ғылыми білім беру кешеніндегі интерактивті үстелдердегі бірегей мұрағат құжаттары, құнды суреттер және деректі фильмдер сыр шертеді. Оның арқасында біз кейінгі толқынның ғылыми ізденіске деген қызығушылығын оятуға тырысамыз, - деп атап өтті Елбасы кітапханасы Ғылыми-білім беру бағдарламалары секторының аға сарапшысы Ақбота Хамитова.  

Ғылым және жаңа технологиялар жетекші экономиканың негізін қалыптастырады. Инновациялардың арқасында бәсекеге қабілеттілік күшейіп, елдің әлеуеті артады. Бұл бағытта қабылданған мемлекеттік ғылыми-техникалық саясат аясында Назарбаев университетінде және «Алатау» инновациялық технологиялардың паркінде орталықтар құрылған. Олар отандық ғылым саласын, әлеуметтік маңызды стартаптарды, озық зертханаларды дамытудың негізгі ошағына айналып отыр.  Ғалымдардың тынымсыз ізденісі мен зерттемелеріне мемлекет тарапынан айтарлық қолдау көрсетіледі. Жылда үздік зерттеулердің авторы анықталып, Елбасының қолынан мемлекеттік сыйлықты иеленеді.