ТӘУЕЛСІЗДІК ЖОЛЫНДАҒЫ АЛҒАШҚЫ ҚАДАМДАРДАН «МӘҢГІЛІК ЕЛ» ИДЕЯСЫНА ДЕЙІН

Бүгін Елбасы кітапханасында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне арналған «Тәуелсіздік жолындағы алғашқы қадамдардан «Мәңгілік ел» идеясына дейін» атты музей видеомост сабағы өтті. 

Іс-шараға ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының ғалымдары, №77 мектеп-гимназиясының мұғалімдері мен оқушылары қатысты.

         Сабақтың ашылуында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова қатысушыларды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, шараның өзекті мәселелеріне тоқталды.

         «Видеомост сабағының мағынасы мен мәні өте кең екенін айтқым келеді. Ата-бабаларымыз арман еткен тәуелсіздікті ту етіп, егеменді еліміздің қалыптасуы мен дамуындағы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саяси бастамаларын зерттеумен қатар, оны қастерлеуге бағыттайды. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан әлемдік қауымдастықтың ажырамас бөлігіне айналып, мемлекеттік деңгейдегі өркендеудің жаңа кезеңіне қадам басты», - деп сөзін қорытындылады Елбасы кітапханасы директорының орынбасары.  

Іс-шараға қатысқан ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының ғалымдары Жабай Нұрмақұлы Қалиев, Сейтқали Жакияұлы Дүйсен оқушылардың сұрақтарына жауап беріп пікір алмасты.  Ұстаздар, ең алдымен, музей видеомост сабағының өскелең ұрпақ тәрбиелеудегі маңызына аса мән беріп, жастарды ұлттық құндылықтарды құрметтеуге шақырды.