«Тәуелсіздік тұғыры - Ұлы Дала арманы» атты кітап көрмесі ашылды

Ағымдағы жылдың 16 наурызында Елбасы кітапханасында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Тәуелсіздік тұғыры – Ұлы Дала арманы» атты кітап көрмесі ашылды.

0U3A1788

Көрменің мақсаты – Тәуелсіздік алғаннан кейінгі Қазақстанның дербес мемлекет ретінде қалыптасу тарихына шолу жасау, сындарлы жылдар ішінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың кемел саясаты мен ерен еңбегі арқасында еліміздің жеткен жетістіктері мен толайым табыстарын, сондай-ақ қазақстандық қоғамдағы саяси, экономикалық, әлеуметтік және рухани игі өзгерістер белесін көпшілікке таныту.

Кітап көрмесіне Қазақ хандығының іргесін қалаған Керей мен Жәнібек хандардан бастап бүгінгі Тәуелсіздігіміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың елге сіңірген еңбектерін баяндайтын  «Нұрлы жол – Мәңгілік ел» (Маралтай Ыбыраев. Тарихи дастан. – Алматы: «Эксклюзив КА», 2015.) кітабы ұсынылған. Сонымен қатар Қазақстан Президентінің шахтер және металлургтік еңбек қызметінен бастап тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаушы және әлемдік деңгейдегі көшбасшы тұлға болған өмір жолын баяндайтын «Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – тәуелсіз Мемлекеттің негізін қалаушы» (Бас редакторы Б.Ө. Жақып. - Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2010 ж.) еңбегі де берілген.  

0U3A1936

Аталған кітап көрмесі 12 бөлімнен тұрады. Әр бөлімнің тақырыптық атауы бар. Атап айтқанда, олар: «Тәуелсіздік бастауы және Елбасы», «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік нышандары», «Әлем таныған Қазақстан», «Қазақстан Республикасындағы президенттік институт», «Астана – Еуразия жүрегі», «Тәуелсіз Қазақстанның саяси-экономикалық, әлеуметтік даму белестері», «Қазақстан - спорттық держава», «Жаһандық қауіпсіздік үшін Қазақстанның Ядролық қарусыздану саясаты» және «Ғарышқа сапар» деп аталады. Бөлімдер тақырыбы бойынша көрмеге ғылыми, танымдық, академиялық әдебиеттер, энциклопедиялар мен сөздіктер, монографиялар мен оқу құралдары, көркем және классикалық туындылар қойылған.

Соңдай-ақ осы көрмеде 2016 жылдың айтулы мерейтойларына арналған бөлімдер де бар. Бұл бөлімдер Алашорда үкіметінің төрағасы, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ғалым, публицист Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығына, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің 100 жылдығына, қазақ поэзиясының мұзбалағы – Мұқағали Мақатаевтың туғанына 85 жыл толған мерейтойға арналған.

0U3A1779

Көрменің ашылу рәсімін Елбасы кітапханасының атқарушы директоры Бейсембай Жұмабеков жүргізді. «Кітап көрмесі ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналды. Бұл көрмеге егеменді еліміздің қалыптасуы мен дамуын баяндайтын кітаптар қойылған. Тәуелсіздігіміздің мерейлі жылында егеменді Қазақстанды қалыптастырған Тұңғыш Президентіміздің қызметін жан-жақты ашатын кітаптар мен ғылыми еңбектер біз үшін өте қымбат» деп атап өтті  Б.Жұмабеков.    

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов:

- Елбасы кітапханасында жастардың білім алуына жақсы жағдай жасалған. Кітапхана – біздің рухани байлығымыз. Рухани байлықтың игілігін жастар көруі тиіс. Ол үшін жастар көп оқуы, ізденуі керек. Қазіргі таңда тәуелсіз Қазақстан әлем таныған елге айналды. Қазақстан дербес, өзге елдермен терезесі тең мемлекет. Егеменді еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшесі болып табылады. 2010 жылы 1 желтоқсанда Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен БҰҰ саммитін өткіздік. Сол кезеңде біздің еліміз БҰҰ төрағалық етті. Бүгінде Қазақстанды бүкіл әлем елдері мойындады, - деді.

Кітап көрмесі жыл аяғына дейін жұмыс жасайды. Елбасы кітапханасына келушілер, оқырмандар, қонақтар мен әртүрлі іс-шараға қатысушылар осы көрмені тамашалай алады.

0U3A1949

Іс-шараға еліміздің мәдениет және мұрағат саласының өкілдері, мемлекеттік органдар басшылары, белгілі тұлғалар мен ғалымдар, студент жастар, оқырмандар мен Кітапхана ұжымы қатысты.