Тәуелсіздік құрдасы Маржан Мырзабекова: «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы»

Аспан түстес ұлттық ою-өрнектермен өрілген, қазақы нақыштағы киімдегі талдырмаш арулар анадайдан менмұндалайды. Олар Елбасы кітапханасының табалдырығын аттаған меймандар үшін рухани орданың әлемін ашады. Артылған жауапкершіліктің жүгін жарқын жүзді Маржан Мырзабекова терең сезінеді. Сенім үдесінен шығу - тәуелсіздікпен бірге түлеген жастың берік ұстанымы.

0U3A4200

– Елбасы кітапханасындағы құнды жәдігерлер мен бірегей тарихи құжаттарды сөйлетеміз. Отандастарымызбен қатар шетелдіктерге егеменді Қазақстанның шежіресі паш етіледі. Мемлекет басшысы және басқа елдердің президенттері үшін экскурсия өткізіледі. Олардың алдында бойым толқып, жаңылып қалмаймын ба деп қорқамын. Жауапты міндет мені ізденіске қамшылайды. Біліп-түйгенімді жетілдіріп, экономикалық және саяси сауаттылығымды арттыруға баса мән беремін. Себебі мен келушілердің кез келген сауалына мүдірмей жауап беруім қажет, - деп өзінің пікірімен тәуелсіздік құрдасы, Елбасы кітапханасының сарапшысы Маржан Мырзабекова бөлісті.

Маржан азаттықтың ақ таңы атқан жылы Шығыс Қазақстан облысының Көкпекті ауданында дүние есігін ашқан. Ата-анасы тұлымшағы желбіреген қызының өнерге деген икемін, бойындағы талабын кішкентайынан байқаған. Қазақ ақын-жазушыларының шығармашылығынан нәр алған нәзік жан талай мәнерлеп оқу байқауларында бағын сынады. Актриса атану арманына қолы жетпесе де, өмірі сахнамен сабақтасады. Оның өнердегі жолы Астанадағы мемлекеттік филармониядан басталған. Мәдени шаралар мен кештерді жүргізетін Маржан 2014 жылы Астанадағы «Үздік жүргізуші» танылды.

foto (1)

– 25 жылдағы басты жетістіктерім Қазақстанның мерейлі белесімен астасады. Мен үшін тәуелсіз еліміздің тарихи парақтары аса қымбат. Алғашқы күрделі де қиын жылдарды еңсерген мемлекетіміз ширек ғасырдың ішінде еңсесін тіктеді. Елбасымыздың арқасында туған жерімізде татулық пен келісім билік құрды. Оның арқасында жастар үшін ұсынылған мүмкіндіктер көкжиегі кең. Қалаған жерімізде білім алуға мүмкіндік бар. Мемлекеттің қамқорлығымен қазақстандық жастар үшін танымал шетелдік университеттер қолжетімді, - деп түйді тәуелсіздік құрдасы.

Маржанды тез тіл табысу, еңбекқорлық қасиеттері жаңа жетістіктерге жетелейді. Оның келешекке межелеген жоспарлары көп. Әуелі ғылымға бет бұрып, зерттеу жұмыстарына ден қоймақ.

– Қолым қалт еткенде, көркем әдебиеттерді оқуға құмармын. Рухани байлық арқылы сөздік қорымды молайтамын. Негізінен экскурсовод, сахна адамы ретінде дене бітімін бірқалыпты сақтауға баса мән беремін. Салауатты өмір салтын ұстанып, спорт өмірлік серігіме айналды., - дейді белсенді жас.

IMGL4961