Күні бойы ыстық пеште металл балқыту екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ол үшін асқан шеберлік пен біліктілік, сабырлық пен ыждаһаттылық қажет. Ақтөбелік Ғанибек Есенжолов сенім үдесінен шықты. Жас маман жауапты әрі қиын қызметті ұршықтай иіріп әкетті. Мыңдаған градуста от көсеп, жалынмен шыңдалған 25 жастағы жігіт екі жылдан бері Ақтөбе ферроқорытпа зауытында жұмыс істейді. Еңбексүйгіштігімен ерекшеленген жасқа үзеңгілес әріптестері бой түзеп, үлгі етеді.
– Ауыр еңбек адамды ширатады. Металлургияның отты жалыны талай жасты шынықтырды және шыңдады. Балқыту ісі шыдамдылыққа үйретіп, талпынуға жетелейді. «Еңбектен қашпа, ырысыңды шашпа» деп тектен-текке айтылмайды. Қолға алған кәсібімді қадір тұтамын, бағалаймын. Өзімді қамшылап, тәжірибемді ұштастыруға тырысамын. Маңдай терім титтей болса да еліміздің өркендеуіне қосқан үлесім деп білемін. Меніңше, адал еңбек қашанда абыройға бөлейді, - деп өзінің ойын Ғанибек Есенжолов тергіштеді.
Азаттықтың ақ таңы атқан жылы Ғанибек өмір есігін ашқан. Ол тәуелсіздікпен бірге түлеп, туған елімен бірге есейді. Алғыр да зерек ақтөбелік сапалы білімге ден қойды. Жоғары оқу орнын қызыл дипломмен тәмамдаған Ғанибек табыстың кілті тек кәсіби біліктілікте екендігіне сенімді.
– Тәуелсіз Қазақстанның құрдасы атану – үлкен жауапкершілікті жүктейді. Еліміз әрдайым белгілі бір жетістікке жеткенде, іштей қуанып тұрып, өзіме іштей сауал қоямын: «ал мен не істей алып жүрмін?». Барлық игілік тәуелсіздіктен бастау алады. Бақытты балалық шағымыз алаңсыз өтіп, діттеген арман-мұраттарымызға қол соза аламыз, - деп сөзін сабақтады жас маман. - Тәуелсіздік ұрпақтарына ұсынылған мүмкіндіктер аясы кең. Жалқаулыққа бой ұрмасаң, өзіңді жан-жақты дамыта аласың. Бұл – мен үшін басты өмірлік ұстаным.

Металлург Ғанибек - шығармашыл жан. «Сегіз қырлы, бір сырлы» тәуелсіздік құрдасы ән шырқайды, домбыра мен гитараның тілін жетік меңгерген, биге де икемі бар. Жас дарын өнерімен зауыттағы әріптестерін тәнті еткен. Ол цехаралық көркемөнерпаздар байқауында бағын сынап, бас жүлдені қанжығасына байлады.
Жалынды жас спорттан да кенде емес. Шымырлығын шыңдайтын Ғанибек қол күресі мен гимнастиканы шебер меңгерген.

– «Отан – отбасынан басталады» деген аталы сөздің мәнін шаңырақ көтергенде ұғынасың. Жұбайым үшін лайықты жар, бала үшін өнегелі әке атану қажет. Оны құр сөзбен емес, іспен дәлелдеу керек. Перзент ата-анаға бой түзейтіні даусыз. Сондықтан бірінші кезекте Айғаным есімді кішкентай қызыма үлгі болуым қажет, - дейді Ғанибек.
Автор: Айбек Тасқалиев, Ақтөбе қаласы.
