Тәуелсіздік күні қарсаңында 2013 жылдың 9-шы желтоқсанында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінде «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев: өмірбаяны, бастамалары және саяси ұстанымы» ғылыми бағдарламасын жүзеге асыру аясында «Тәуелсіздік. Бірлік. Өркендеу» атты «дөңгелек үстел» өткізілді.
Дөңгелек үстел жұмысына Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының, «Нұр Отан» партиясының, Қазақстан Республикасында аккредитацияланған дипломатиялық өкілдіктердің өкілдері, ғалымдар, зерттеушілер қатысты.
Ашық әрі жемісті пікір алмасу барысында қатысушылар тәуелсіздік жылдарындағы республика дамуының негізгі нәтижелері мен заңдылықтарын, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бастамаларын, тәуелсіз Қазақстан тарихының, қазіргі әлемдегі ұлтаралық және конфессияаралық толеранттылықтың өзекті мәселелерін талқылады.
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, экономика ғылымдарының докторы И.А. Адырбеков өз баяндамасында мемлекеттің дамуы мен өркендеуін қамтамасыз етудің тұрақты негізі болып табылатын Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың сыртқы саяси бастамаларына тоқталды.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты А.С. Мурадов ұлтаралық келісімнің басты механизмі ретіндегі Қазақстан халқы Ассамблеясының ерекше мәртебесін атап көрсетті.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Р.У. Ким: «Біздің еліміздегі толеранттылық – бірлік пен мемлекеттің табысты дамуының шешуші факторы. Осыған орай Қазақстан халқы Ассамблеясының жүргізіп келе жатқан сан қырлы жұмысының маңызы өте зор. Ассамблея ұлтаралық қатынастар, мемлекеттік тілді және ана тілдерін зерделеу, қазақстандық патриотизмді тәрбиелеу, толеранттылық, Қазақстан халқын біріктіру саласында шектен шықпай, тиімді мемлекеттік саясат жүргізіп келеді» деп атап көрсетті.
Әзірбайжан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің бірінші хатшысы Ф.С. Гаджиалиев баяндамасында тұлғалардың арасындағы ұлт көшбасшыларының ерекше орнын атап көрсете отырып, Гейдар Әлиевтің Әзірбайжан Республикасының қалыптасуы мен нығаюындағы рөлі туралы баяндады.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Халықаралық қатынастар кафедрасының профессоры Г.М. Кәкенова баяндамасында: «Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қауіпсіздік мәселелері және бітімгерлік миссияларға қатысу бойынша бастамалары, әлемнің кез-келген бөлігіндегі тұрақсыздық және шиеленіс жағдайында мемлекеттердің ешқайсысы өзінің қауіпсіздігіне сенімді бола алмайтынының айқын түсінігіне негізделген» деп атап көрсетті.
Ғалым-сарапшылар, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары А.Н. Қашқымбаев, тарих ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры С.И. Ковальская қазіргі Қазақстандағы тарих ғылымдарының даму мәселелері мен перспективалары туралы әңгіме қозғады.
«Дөңгелек үстел» қатысушылары конфессияаралық бейбітшілік, экономикалық және әлеуметтік тұрақтылық пен өркендеу мемлекеттілікті сақтау мен ел дамуының маңызды факторлары болып табылады деген ортақ пікірге келді.

