14 мамырда Елбасы кітапханасы мен еліміздегі М.В.Ломоносов атындағы ММУ филиалы «Тәуелсіз Қазақстан: тарих және қазіргі заман» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясын өткізді. Іс-шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Қазақстандағы ММУ филиалының 20 жылдығына орайластырылды.

Конференцияға мемлекет және қоғам қайраткерлері, Қазақстан мен Ресейдің, өзге де елдердің жоғарғы оқу орындарының жетекші ғалымдары, докторанттары мен магистранттары, сарапшылар қауымдастығының өкілдері, қоғамдық пәндердің колледж оқытушылары мен тарих пәнінің мектеп мұғалімдері қатысты.
– Бүгін біз Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Қазақстандағы Мәскеу мемлекеттік университеті филиалының 20 жылдығына орай іргелі ғылым бағыттары бойынша ұйымдастырған ғылыми-тәжірибелік конференцияларымыздың циклін аяқтаймыз. Бұл іс-шараларымыз қазақ мемлекеттігінің даму кезеңдерін қарастырып, ұлттық сананы түркі ойшылдарының рухани мұрасы арқылы жаңғырту жолдарын табуды, қоғамдық-саяси көзқарастың інжу-маржанын саралауды, Қазақстан халықтарының басын қосып, бірлігін күшейтетін құндылықтар мен идеяларды ортаға салуды көздейді, - деп Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат конференцияны ашты.
Қазақстандағы М.Ломоносов атындағы ММУ филиалының директоры Александр Сидорович М.Ломоносов атындағы ММУ ректоры Виктор Садовничийдің үндеуін оқып, конференцияның Ресей мен Қазақстан қарым-қатынасын нығайтудағы маңыздылығын белгіледі. Өз баяндамасында А.Сидорович Қазақстан Тұңғыш Президенті мен Мәскеу университетінің қарым-қатынасын талдап, Н.Ә. Назарбаевтың ММУ-де оқыған дәрістерінен еуразиялық интеграция тұжырымдамасы мен білім саласы рөлінің қалай кемелденгенін ортаға салды

– Тарихтың қалыптасуына еңбегін сіңірген азаматтар ғана оны терең түсіне алады. Сол себепті бүгінгі Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткерлерінің аталмыш конференцияға қатысып отырғаны айрықша маңызды. Бұл кісілер – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жетекшілігімен түрлі салаларды басқарған парасатты жандар, - деді ол.

– ММУ филиалы 20 жылдың ішінде Ресеймен қатар Қазақстанның зияткерлік әлеуетін демеп келеді. Оның түлектері де Қазақстан мемлекеттілігінің қалыптасуына ғылыми тұрғыдан барынша қолдау танытқан, - деді Нұрсұлтан Назарбаев қоры атқарушы директорының орынбасары Игорь Рогов.
ҚР ҰҒА академигі, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ мен М.В.Ломоносов атындағы ММУ қазақстандық филиалының профессоры Жабайхан Әбділдин «Мемлекет тәуелсіздігінің 30 жылдығы – тағдыршешті мәселелердің өрлеуі мен шешімі» баяндамасында былай деді:
– Қазақстанның егемендікке қол жеткізуі – мен үшін үлкен бақыт. Жаңа буын бұл жеңістің мәнін терең түсіне қоймайды. Дәл тәуелсіздіктің арқасында туған тіліміз жаңғырып, мемлекеттік шекарамыз бекіді, экономикамыз көтеріліп, ұлттық валютамыз бен жеке әскеріміз пайда болды. Нұрсұлтан Назарбаевтың жасампаздығы арқасында қысқа мерзімнің ішінде тәжірибелік идеялар мен бастамалар көтерілді. Мәселен, олардың біріне сәйкес Еуразия экономика одағы бүгінде белсенді дамып жатқан ұйымдар өте көп.
– ММУ-дің қазақстандық филиалы Қазақстан мен Ресей арасындағы рухани-гуманитарлық қарым-қатынастың символына айналды. Бұл байланыс тарих толқынында еркін, ортақ мүддемен қалыптасып, жастардың сапалы білімге деген мұқтаждығын да, қос мәдениеттің өзара ықпалдастығын да жауапкершілікпен ескереді, - деді Қазақстан Республикасының мемлекет және қоғам қайраткері, саяси ғылымдардың докторы, профессор Қуаныш Сұлтанов.
Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов мемлекеттің бейбіт дамуына кепіл болған Елбасы бастамасына тоқталды:
– Тәуелсіздік жылдары Елбасы мен Қазақстан халқының бірлікке бағытталған ұлтаралық қарым-қатынас моделін қалыптастырғанын көрсетті. Оны жаһандық сарапшылар да белгілейді. Бұл модель мемлекетіміздің тарихи ерекшеліктеріне негізделген. Этникалық, конфессиялық, тілдік, мәдени саналуандық қоғамымыздың іргетасын қалап, теңдесіз байлығымызға айналды. Сондықтан да ұлт тұтастығы мемлекетіміздің маңызды құндылығына жатады, - деді ол.

ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Зарема Шәукенова «Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығы: жауапты көшбасшылық, тұрақтылық, сабақтастық» баяндамасында былай деді:
– Егемен мемлекет ретінде Қазақстанның негізгі жеңісі – шектес мемлекеттермен шекарасын бекітіп алуында. Жауапты да ірі істің нәтижесінде шекараның 14 мың километрі межеленіп, Каспий теңізінің бұрын-соңды болмаған құқықтық мәртебе туралы конвенциясына көршілес елдердің қолы қойылды. Бүгінде Қазақстанның аумағына қатысты ешқандай наразылық та, дау да жоқ. Шекарамыздың әлем мойындаған халықаралық құқығы бар.
– Қазақстан – посткеңестік кеңістіктегі тәуелсіз дамудың үлгілі жобасы. Бұл – парасатты саясаттың жемісі. Осы тұста Н.Ә. Назарбаев пен Қ.К. Тоқаевтың еңбегін айтпай кету мүмкін емес. Бұл жеңіске Қазақстан халқының қосқан үлесі де зор. ММУ-дің тарихшы профессоры ретінде 20 жылдай уақыт бойы Қазақстанда университетіміздің филиалы абыройлы қызметін жалғастырып жатқанын мақтан тұтамын. Бұл мерейтоймен Ресей мен Қазақстанның достығын нығайтуға үлес қосып келе жатқан А.В. Сидоровичті құттықтағым келеді, - деп «Посткеңестік кеңістіктің интеграциялық процесстеріндегі тәуелсіз Қазақстанның орны мен рөлі» тақырыбында Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетінің президенті Ефим Пивовар баяндама оқыды.
Конференцияның пленарлық отырысына Қазақстан Республикасының мемлекет және қоғам қайраткері Қайырбек Сүлейменов («Қазақ мемлекеттігінің маңызды элементі – құқық жүйесінің қалыптасуы мен дамуы»), М.В.Ломоносов атындағы ММУ Азия және Африка елдері институтының Орталық Азия және Кавказ елдері кафедрасының меңгерушісі Жібек Сыздықова («Қазақстан мен Ресей – еуразиялық интеграцияның өзегі»), Қазақстан Республикасының мемлекет және қоғам қайраткері Ермұхамет Ертісбаев, Қазақстан Республикасы Президенті архивінің директоры Жәмилә Әбдіқадырова, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Мемлекет тарихы институты директоры Еркін Әбіл («Қазақ мемлекеттілігі: зерттеу тұжырымдамасы мен теориялық-әдістемелік қыры») қатысты.
