«ТОЛЕРАНТТЫЛЫҚ ТАҒЫЛЫМЫНЫҢ ПАНОРАМАСЫ» онлайн-конференциясы өтті

2015 жылдың 16 маусымында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасында «Толеранттылық тағылымының панорамасы» онлайн-конференциясы өтті.

«Толеранттылық тағылымы» - Елбасы кітапханасының жаңа жобасы. Ол Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған және ҚР Білім және Ғылым министрлігі мен Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен өткізіледі.

Алғашқы онлайн семинар-тренинг 15 мамырда өткізілді. Оған Қазақстанның 300-ден астам орта мектебі қосылды. Жыл соңына дейін жоғары оқу орындарының қатысуымен осы секілді тағы 2 шара жоспарланған.

1X7A7444

Бұл іс-шаралардың мақсаты – оқушылар арасында толеранттылықты, қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға байланысты тәрбие жұмысын ғылыми-әдістемелік қамту жөнінде тәжірибе алмасу және мәселелерді талқылау.

Онлайн-режимде өткен шараға еліміз аймақтарынан 4 білім беру мекемесі – Семей Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің «Қазақстан жолы» білім беру-тәрбие орталығы, Әуезов атындағы Семей педагогикалық колледжі, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық педагогикалық колледжі, Б.Ахметов атындағы Павлодар педагогикалық колледжі, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының, Кіші ассамблеялар мен Достық үйлерінің өкілдері қосылып, 150-дің үстінде адам қамтылды.

1X7A7543

Онлайн-конференцияның модераторы - Елбасы кітапханасы ұйымдастыру-имидждік қызметінің басшысы Марат Әбдікәрімов Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» ММ директорының орынбасары Ғазиз Телебаевқа сөз берді:

- Биыл – айрықша маңызды жыл. 2015  жылды Президент Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы ретінде жариялады. Осыған байланысты түрлі-түрлі іс-шаралар өткізіліп жатыр. Біз толеранттылық пен ұлтаралық келісімді нығайтуға қатысты жұмыстарды алдағы жылдары да тоқтатпай, жалғастыра беруіміз керек. Бүгінгі талқылаудың негізгі мәселелері – аталған іске музейлердің қызметін пайдалану болып отыр. Арнайы көрмелер арқылы біртұтас қазақ халқының ішінде осы елдің көркеюіне үлесін қосқан түрлі ұлт өкілдерін, олардың құндылықтарын дәріптеуіміз керек. Елбасы кітапханасына осындай іс-шараны ұйымдастырғаны үшін алғыс білдіремін.

Жиналғандар алдында сондай-ақ Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің Кәсіптік-техникалық және орта білімнен кейінгі білімді жаңғырту департаментінің директоры Сабыржан Мадеев пен Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігі жанындағы Республикалық ғылыми-әдістемелік орталықтың бас маманы Айгүл Байсақова сөйледі.

- Еліміздің техникалық-кәсіптік білім беру орталықтарында көп ұлттың өкілдері білім алуда. Олардың арасында ұлтаралық татулық пен ынтымақты нығайту үшін тәрбиелік мәні зор істер атқарылуда. Аталған тақырыпты білім алушыларға терең түсіндіру үшін мәдениеттану пәні оқытылады. Ұлтаралық татулық мәселесі тарих, құқық сабақтарында да қамтылады. Сонымен қатар білім алушылар қолданбалы өнер мен ұлттық қолөнер көрмелері арқылы өзге ұлттардың тарихымен, мәдениетімен таныса алады, - деп атап өтті С.Мадеев.

Аймақтардан бірқатар мамандар толеранттылық тәрбиесін ұйымдастыру жөніндегі тәжірибесін ортаға салды. Атап айтқанда – Аман Рахметуллин, Семей Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің «Қазақстан жолы» білім беру-тәрбие орталығының жетекшісі; Бағдат Сыбанбаева, Әуезов атындағы Семей педагогикалық колледжі, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық педагогикалық колледжі директорының орынбасары; Гүлназ Оңғарбаева, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық педагогикалық колледжінің өкілі; Гүлнар Махамбетова,  Б.Ахметов атындағы Павлодар педагогикалық колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

«Толеранттылық тағылымының панорамасы» онлайн-конференциясы жастарды толеранттылыққа тәрбиелеудің өзекті мәселелеріне арналды. Соның ішінде музей-көрме аймақтарын және оның әлеуетін толеранттылық тәрбиесінің тетігі ретінде пайдалану, толеранттылық тәрбиесінің тәжірибелері, білім беру мекемелеріндегі музей-көрме аймақтарының мүмкіншіліктері, кіші Ассамблеялар мен Достық үйлерінің бірегей толеранттылық тәрбиесіндегі рөлі, сонымен қатар еліміздің музей-көрме аймақтарында этностар мұрасының пайдаланылуы жайы талқыланды.

1X7A7464

Онлайн-конференция қорытындысы бойынша ұйымдастырушылар танысып, жүзеге асыру үшін бірнеше ұсыныс әзірледі:

* Білім және ғылым министрлігі Қазақстан Ассамблеясымен, білім беру орындарымен біріге отырып, жастар арасында ұлттық құнды, рухани, мәдени мұраларымызды насихаттау мақсатында, еліміздің тарихи орындарын тануға, зерделеуге туристік «Мәдени керуен» ұйымдастыру мәселесін көтерсе;

* Білім және ғылым министрлігімен тығыз жұмыс жасай отырып, аймақтардағы ұлттардың кіші ассамблеясы оқу орындарының ұйымдары арқылы жастармен кездесу шараларына музейлік-көрмелік аумақтарды пайдалана отырып, түрлі форматта іс-шара өткізуге ұйытқы болса;

* Аймақтағы кіші ассамблея мұрындық бола отырып, оқу орындары жастарымен кездесу кештерінде түрлі ұлт өкілдері өзінің тарихын, салт-дәстүрін насихаттайтын рухани топ құрса;

* Оқу орындары өз тарапынан жазғы демалыс лагерлерінде түрлі ұлт өкілдерінің салт-дәстүрімен таныстыратын, музей-көрме аймақтарын негізге алатын толеранттылық тәрбие тақырыбына арналған күндер жоспарласа.