Бүгін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасында «Толеранттылық тағылымы» семинар-тренингі өтті. Онлайн-режимде өткен шараға еліміздің аймақтарынан 300-ден аса мектеп қосылып, 5 000-ның үстінде адам қамтылды.
«Толеранттылық тағылымы» - Елбасы кітапханасының жаңа жобасы. Қазақстан халқы Ассамблеясы жылына арналған жоба Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен, Мемлекеттік басқару академиясымен бірлесіп, ҚР Білім және Ғылым министрлігінің, Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен өткізілді.
«Толеранттылық тағылымының» мақсатты аудиториясы – орта мектептер директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен мұғалімдері. Олар онлайн-форматта білім алушы жастар арасында қазақстандық патриотизм мен толеранттылықты нығайту жұмысын ғылыми-әдістемелік тұрғыдан жетілдіру мәселелерін талқылауға қатысты.

Семинар-тренингте Л.Гумилев атындағы ЕҰУ ҚХА кафедрасы меңгерушісінің орынбасары, PhD докторанты Махаббат Қозыбаева, ҚР Президенті жанындағы МБА ұлтаралық және дінаралық қатынастарды зерттеу жөніндегі орталығының аға ғылыми қызметкері Талғат Жақиянов, Астана қаласы №48 мектеп-лицей директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сырғагүл Нұралиева және Л.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті В.Бахретдинов сөз сөйледі.
Сөйлеушілер қазақстандық қоғамда толеранттылыққа баулу жөніндегі жұмыстың негізгі бағыттарын ашып көрсетті.
Атап айтқанда, М.Қозыбаева өз сөзінде еліміздегі 12 жоғары оқу орнында құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы арнайы кафедраларының қызметі туралы мәлімет берді. Жастарға патриоттық тәрбие берудің кейбір әдістемелік жолдары туралы, бұл мәселеде ҚХА-ның рөлі туралы бандады.
Т.Жақияновтың баяндамасы Президенттің ұлтаралық қатынастар саласындағы саясатын түсіндіруге арналды. «Мемлекет басшысы барлық азаматтарды ұлтына бөлмей, тең құқығын сақтауды қазақстандық патриотизмнің іргетасы етіп алды», - деп атап өтті баяндамашы.
Шараға қатысушылар ата-аналар мен балаларға тілдік кедергіні еңсеру, діни жат ағымдардан қорғау, ксенофобияның алдын алу секілді ұлтаралық толеранттылықты оқу-әдістемелік үдерісте дамытуға байланысты көптеген мәселелер жөнінде тәжірибе, пікір алмасты.
Семинар-тренинг қорытындысы бойынша қарар қабылданды. Онда «Толеранттылық тағылымы» тұрақты түрде жүргізіліп тұратыны көрсетілген. Ал Елбасы кітапханасы бұл салада тәжірибе алмасудың орталық алаңына айналады.
Шараның ашылуына ҚР Білім және Ғылым министрлігі мектепке дейінгі және орта білім беру департаментінің директоры Жаңыл Жонтаева қатысты. «Толеранттылық тағылымының» модераторы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасының Ұйымдастыру-имидждік қызметінің жетекшісі Марат Әбдікәрімов болды.

