Өткен ғасырдың соңындағы посткеңестік кеңістіктегі саяси жүйенің өзгеруі қоғамдық санаға терминологиялық мән-мағынасы әрқилы сипат беретін жаңа ұғымдар легін әкелді. Сондай ұғымның бірі – толеранттылық ұғымы болды. Толеранттылық ұғымының мән-мағынасы бүгінгі күні мазмұны жағынан әлемді өзгертуші идеялар арнасында тарихи негіздерін сақтай отырып толысуда.
Қазақ дүниетанымында толеранттылыққа байланысты ұлттық ұғымдар мен түсініктер жүйесі көне дәуірлерден бар. Олар заманның ағысына қарай мағыналық мазмұндары ішінара өзгерістерге түскенімен, негіздері сақталды. Тіпті ұғымдық-терминдік атаулары да сол ретпен өзгеріске түсіп отырған. Оған байланысты айтар пікір біреу-ақ: терминдік ұғымға қатысты ұстаным ұлттық-мемлекеттілік өреміздің биік санатынан көрінуі тиіс. Бүгінгі күні толеранттылыққа қағидаттарын ұлттық таным-түсінікте тез қабылдауымыз сол тарихи қайнар көздерден деп білеміз. Біздің қоғамда толеранттылық ескіден сақталып жеткен мұраларымыз - имандылық пен ізгілікке негізделген сипатта санамызға қайыра сіңісуде.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев толеранттылы қазақстандық парасатты үлгісі - Қазақстан халқы ассамблеясы қызметінің және қоғамдағы құндылықтардың күретамыры болуына үнемі ерекше маңыз беруде. Оның сан қырлы астарында әлемдегі бағыт-бағдар, пікір-идеялар мен құндылықтарға деген көзқарастың өзгермелі сипаты жатыр. Сондықтан Елбасы осы факторларға орай халықтық даналықты ескере отырып, ел басқарудың өрелі өрістерін қоғамның даму тенденцияларымен ұштастыра жаңа қазақстандық қоғамды қалыптастыра өркендетуде. Толеранттылықтың мазмұнды мән-мағынасын еліміздегі татулық пен келісімі жарасқан халқымыздың бірлігі арқылы әлемге әлдеқашан айқындап бердік. Осы санатта Мемлекет басшысының бес институттық реформасын жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» -Ұлттық жоспарының «Біртектілік пен бірлік» бөліміндегі алты қадам қазақстандық толеранттылы қоғамды қалыптастыруда сөзсіз шешуші қадамдар болатыны ақиқат. Толеранттылы қоғам –мемлекет тірегі қағидасы біздің өміріміздің бас арқауы болмақ.
Толеранттылық – көп конфессиялы және көп ұлтты мемлекеттің үйлесімі дамуының маңызды шарттарының бірі. Барлық мекен етуші этностардың этникалық және мәдени теңдігін сақтау стратегиясы көпұлтты қоғамдағы неғұрлым табысты стратегия болып табылады. Бүгінгі таңда өркениеттің дамуына мәдениеттер мен діндердің диалогы ғана жағдай туғызатынын уақыт дәлелдеп отыр. Ал ұлтаралық қатынастар тұрғысынан алғанда мемлекеттің саяси тұрақтылығы ұлттаралық қатынастардың басты принципіне айналуға тиіс этникалық толеранттылыққа негізделеді.
Қазіргі уақытта этникалық толеранттылыққа тәрбиелеу және оны жастардың өзін - өзі анықтау және жеке тұлғаның қалыптасу үдерісінде бағдар ретінде таңдауы мәселесін алға тартып отыр. Бүкіл қоғам назарын өзіне аудартуда. Этникалық толеранттылық түптеп келгенде ұлт өкілдерінің өзара өмірлік этникалық компонентерін қабылдай алу қабілеті. Бұл арада бір-біріне сіңісіп кету мәселесі жоққа тән. Өзінің ұлттық келбетін сақтай отырып, басқа ұлттың ізгіліктерін түсіну-қабылдау болмақ. Яғни этникалық толеранттылық – ұлтаралық өзара сыйластық, ынтымақтастық деген ұғымды білдіреді. Этникалық толеранттылық тәрбие беру құралы арқылы Қазақстан жастары бойында шынайы патриоттық сезімін қалыптастыруға ықпал етеді.
Толеранттылық жеке және қоғамдық сананың бағыты ретінде әлеуметтік қатынастар үйлесімділігінің шартына айналуда. Қоғамның дүниетанымдық бағдарлары үлкен рөль атқаратын білім беру саласында толеранттылық әлеуметтік – білім берушілік императив болып табылады. Алайда тәрбиесіз жастардың бойында этникалық толеранттылықты қалыптастыру мүмкін емес.
Еліміздің білім беру жүйесінде әлемдік деңгейге жету үшін жасалынып жатқан талпыныстар әр-түрлі әдіс-тәсілдерін қолдана отырып, терең білімді, ізденімпаз, барлық іс-әрекеттерінде шығармашылық бағыт ұстанатын толерантты әрі креативті жеке тұлға тәрбиелеу ісіне ерекше мән берілуде.
Еліміздің ұлттық білім беру жүйесінде «Қазақстандық патриотизм» ұғымы қолданылып келеді. «Қазақстандық патриотизм» арқылы Отан, туған жер, ел, атамекен, мемлекет, туған өлке, халқы туралы түсініктер оқу-тәрбие үрдісінде, сабақтан тыс іс- шараларда Отан сүйгіштік сезімді дамыту, ұлттық салт-дәстүрді сақтау, мемлекттік рәміздерді құрметтеу, ана тілін қадірлеу сияқты сезімдерді оқушылар бойында қалыптастыру жүзеге асырылуда.
Жастарды толеранттылыққа тәрбиелеуде білім-ғылым және мәдениет ошақтарының әр алуан ашық алаңдарың пайдалану өте маңызды. Ашық алаңдар арқылы оқушылар мен студенттер және жастарға арналған үздік технологиялық жетістіктерді пайдалана отырып педагогикалық контекстегі семинар-тренингтер және т.б. сипаттағы педагогикалық акциялар өткізу өте тиімді деп санаймыз. Оған белгілі мамандардың қатысуы және кері байланыстың орнауы аудиторияның қызығушылық деңгейін арттыра түсетіні сөзсіз. Қазіргі кездегі әлемде орын алған әлеуметтік, дінаралық, ұлтаралық, т.б. қақтығыстар өршіп тұрған жағдайда ғалымдар тарапынан оны қалыптастырудың жолдарын іздеуге ерекше көңіл бөлінуі заңды. Жалпы тұлғада толеранттылықтың қалыптасуы үшін ол рухани дамудың белгілі бір сатыларынан өтуі тиіс, ал ол педагогикалық проблема болып табылады. Сондықтан «Педагогика» ғылымында оның заманауи саласы ретінде «Толеранттылық педагогикасы» даму үстінде, онда толеранттылықтың мәнін зерттеу және оны әлеуметтік норма, әлеуметтік құндылық ретінде практикаға ендіруге негізгі көңіл бөлінеді.
Жаңа ғасырдағы толеранттылық – бұл адамзат қоғамындағы қозғаушы күш, қоғамдағы үйлесімді қарым-қатынастың бірегей шарты болмақ. Міне, осы қағидат тұрғысында қоғамды толеранттылыққа тәрбиелеудің барлық мүмкін құралдары педагогикалық заңдылықтарға негізделіп іске қосылуы тиіс. Тек тың идеялар батыл іске асырылса ғана жемісті нәтижеге жеткізетіні белгілі дүние. Сондықтан да Елбасы кітапханасы ұжымы да осындай қоғам үшін игілікті іс-шараға белсене ұйымдастырып өткізуді қолға алды.
Алғашқы іс-шара 2015 жылдың 15 мамырында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында «Толеранттылық тағылымы» online семинар-тренингі санатында өткізілді.
Елбасы кітапханасының жаңа жобасы Қазақстан халқы ассамблеясының 20 жылдығына арналады. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Кітапханасы осы маңызды іс-шараны Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі мен Қазақстан халқы ассамблеясының қолдауымен Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен бірлесе өткізді.
Семинар-тренингте оқушы-студент жастар арасында толеранттылықты, қазақстандық патриотизмді қалыптастыру бойынша жүргізілетін тәрбие жұмыстарын ғылыми-әдістемелік тұрғыда қамтамасыз ету және оны жетілдіру жөніндегі мәселелер талқыланды. Көпұлтты Қазақстандағы толеранттылықты, мәдениетаралық диалогты қалыптастыру мәселелері, білім алушы жастар арасындағы тәрбие жұмыстарына инновациялық серпін беру семинар-тренингтің өзекті мәселесі болатынын көрсетті. Семинар-тренинг жұмысының барысы, оның тәжірибе алмасатын ашық алаң әлеуеті бар екенін байқатты.
Республикамыздың жетекші мамандары, білім беру мекемелерінің мұғалімдері арасында креативті диалог орнату, қазіргі әлем шындығы контекстіндегі жаңа идеяларды іске асыру мүмкіндіктерін анықтау басты жетістігі болып табылатын семинар-тренингтің ықпалды рөліне көз жеткіздік. Білім алушы жастардың толеранттылығын қалыптастыруға бағытталған заманауи технологияларды енгізудің маңыздылығын, білім беру мекемелерінің барлық түрлеріне арналған оқу, әдістемелік басылымдарды әзірлеудің қажеттілігі айтылды.
Қоғамдағы толеранттық сананы, этносаралық және конфессияаралық келісімді қалыптастыруға қатысты мәселелердің кең ауқымдылығы ескерілді.
Қазақстандық қоғамды ойдағыдай дамытуға, этносаралық және конфессияаралық келісімді, ұлттық сана-сезім мен руханияттың өркендеуін нығайтуға бағытталған «Қазақстан-2050» Стратегиясында, Елбасының Жолдауларында, басқа да стратегиялық құжаттарда тұжырымдалған негіз қалаушы қағидаттардың толерантты мемлекетті қалыптастырушы маңызын қоғамға жете танымал ету мәселесі қарастырылды.
Күн тәртібіне қойылған мәселеге орай сындарлы пікірлер айтылып, тың ұсыныстар тұжырымдалды. Нәтижесінде семинар-тренингке қатысушылар «Толеранттылық тағылымы» маңызды және қажет жаңа жұмыс түрі деп танылып, мынандай ұсыныстарға тоқтам жасауға негіз қалады.
Біріншіден, ғылыми-әдістемелік және ұйымдастырушылық жұмыстың тұрақты жұмыс істейтін үйлестіруші орталығы болу міндеті Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасына жүктелді. Екіншіден, республиканың жоғарғы оқу орындары мен мектептерінде жүргізіліп отырған жастар арасында толеранттылықты қалыптастыру бойынша алдыңғы қатарлы тәжірибелері, тәрбие жұмыстарының нәтижелері қорытындыланып, бүкіл елге насихатталады. Үшіншіден, толеранттылық сана-сезімді қалыптастырудың өзекті, теориялық-методологиялық, ғылыми-тәжірибелік негіздерін талқылау үшін «Толеранттылық тағылымдары» тұрақты түрде өткізілетін болады.
Ұйымдастырушылық жағынан жоғары дәрежеде өткен семинар-тренинг алдына қойған мақсатына толық жетті деп санаймыз. Семинар-тренингке жоғары оқу орындары мен колледждердің оқытушылары, студенттері, мектеп басшылығы, мұғалімдері мен оқушылары қатысты. Барлығы online семинар-тренингке республикамыздың 391 білім мекемесі қатысты. Ол мекемелермен кері байланыс жүйесі арқылы хабарласып, пікір алмасу және ұсыныстар қабылдау мен жасау жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, алдағы уақытта тұрақты өтетін online семинар-тренинг аудиториясы шеңберін кеңейту мәселесі де қарастырылды.
Әбдікәрімов Марат Орынтайұлы, Сайлаубай Ерлан Ерназарұлы
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Кітапханасы қызметкерлері