Некесін қиып, ант суын ішкен жұбайлар арасындағы сыйластық пен түсіністік – іргесі берік шаңырақтың кепілі. Өнегелі шаңырақтың құпиясымен тұңғыш ғарышкер-қазақ, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров бөлісті.
– Отбасы институтының маңыздылығын арттыру қажет. Өшаңырақ – еліміздің тұтқасы. Алдымен шаңырақ құру, оны нығайту жауапкершілікті талап ететінін қаперге алған жөн. Бұл қасиетті баланың бойында кішкентай кезінен бастап тәрбиелеу қажет. Жауапкершіліктің арқасында отбасылық құндылықтар нығаяды, өзара құрмет және отансүйгіштік сезімдері қалыптасады, - дейді Кеңес Одағының батыры Тоқтар Әубәкіров.
Бақытты отбасының басты кілті мен құпиясы неде? Шаңырақ құруға жауапкершілікпен қараймыз ба? Ана мен әкенің рөлі сақталған ба? Келелі сауалдардың жауабы «Бірге өмір сүру» жастар фестивалінде тергіштелді. Тағылымды басқосуды «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Елбасы кітапханасының қолдауымен ұйымдастырды.
– Бүгінгі фестивальдің арқалаған жүгі жауапты. Аға буын өкілдерін және жас толқынды тоғыстырып, отбасылық құндылықтарды, ұлтаралық татулықты, достық пен толеранттылықты дәріптеу көзделген. Бүгінде маңыздылығы көмескіленген отбасы институтын нығайтып, қазақстандық отбасының беделін көтеру қажет. Жиын барысында жарты ғасыр бұрын отасқан өнегелі отбасы құнды ақыл-кеңестерімен бөлісті, - деп фестивальдің мәні мен маңыздылығын ұйымның төрағасы Динара Сәдуақасова жіпке тізді.
Өнегелі шаңырақтардың кеңесіне жастар құлақ түрді. Ақтановтар отбасы 48 жылдан бері тату-тәтті өмір сүруде. Жарты ғасырға жуық отасқан Қазақстан атамыз бен Шолпан апамыздың бір-біріне деген құрметі мен сыйластығы барлық әулетті шаттыққа бөлейді.
– Отбасы – береке-бірліктің қайнар көзі. Ерлі-зайыптылар өздерінің орнын білуі тиіс. Әйел жарына дер кезінде тамақ дайындап, оның жағасы кір болмауына қам жейді. Ал ер азамат тапқан-таянғанын үйіне әкеліп, барлық шаруаны жұбайымен келісуі тиіс.
Тағылымды шараға қатысып, құнды ақыл-кеңестерімен бөліскен меймандарға естелік сыйлықтар тарту етілді.


