Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы Байқоңыр ғарыш айлағынан ғарышқа тұңғыш адамның ұшуының 60 жылдығымен, қазақтың ғарышқа алғашқы ұшуының 30 жылдығымен және қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіровтің 75 жылдығымен тұспа-тұс келді.
Н.Ә. Назарбаев атап өткендей: «Тұңғыш ғарышкеріміз Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа сапары Қазақстан тәуелсіздігінің алтын бастауы болды». 30 жыл бұрын 31 тамызда «Байқоңыр» ғарыш айлағы Қазақстанның меншігі болып жарияланды, 2 қазанда тұңғыш қазақ ғарышкер Т. Әубәкіров «Мир» орбиталық кешеніне бару экспедициясының зерттеуші ғарышкері ретінде ғарышқа ұшты.
Осы ғарышқа сапар арқылы Қазақстан Байқоңыр ғарыш айлағының иегері атанған мемлекет ретінде өзін танытты. «Байқоңыр – бүгінде әлемдік экономикалық бәсекеде Қазақстан үшін бірден-бір басымдық бірден-бір басымдық», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Тоқтар Әубәкіров – әлемнің 256-шы, КСРО-ның 72-ші ғарышкері, тұңғыш қазақстандық ғарышкер, Қазақстан ӘӘК генерал-майоры, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасының Халық Қаһарманы. Оның өмірбаяны – ғарышты бағындырып, бала арманын жүзеге асырған адамның тарихы. Бұл нәтижеге жету үшін көптеген жеңістер мен қиын сынақтарға толы ұзақ жолмен өтті.
Тоқтар Оңғарбайұлы 1946 жылы 27 шілдеде Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында дүниеге келген. Тоқтар отбасында екі әпкесінен кейінгі ұл. Тоқтар 8-сыныпты аяқтағаннан кейін Теміртау қаласына қоныс аударып, еңбек жолын құю-механикалық зауытында токарь болып бастады.
Жас Тоқтар бала кезінен көк аспанға көз салып, ұшқыш болуды армандады. Жас кезінде кешкі мектепте оқып, бір мезгілде парашютпен секіру спорт түрімен шұғылданып, Н.Әбдіров атындағы ДОСААФ Қарағанды оқу авиациялық орталығында (кейін аэроклуб деп аталды) ұшуды оқыды.

Арманын жүзеге асыру үшін ол әуе шабуылына қарсы қорғаныс ұшқыштарының Армавир жоғары әскери авиация мектебін және М. Громов атындағы сынақ ұшқыштарының жоғары мектебін бітіріп, сынақ жұмысына кірісті. Ол Нүркен Әбдіров пен Талғат Бигелдинов сынды ұшқыш азаматтарды үлгі тұтты.
Ол өз шеберлігін Федотов атындағы сынақ ұшқыштар мектебінде (Ресей, Мәскеу облысы) және С. Орджоникидзе атындағы Мәскеу авиациялық институтында шыңдады.

Кәсіби шеберлігінің арқасында ол КСРО-да көш бастап, ауада екі жанармай құйып, Солтүстік полюске тоқтаусыз ұшуды жүзеге асырды. Осы ерлігі үшін 1988 жылы Кеңес Одағының Батыры атағын алды. 1989 жылдың 1 қарашасында «Тбилиси» крейсеріне «МиГ-29» жойғыш ұшағын қондырып, көкке қайта көтереді. Осы жетістігімен ол өзінің есімін Гиннестің рекордтар кітабына енгізді. Өзінің мансабында ол 50-ден астам түрлі ұшақтарды сынап көрді.

«Жерге қарап, оның миллиардтаған жұлдыздар мен планеталармен салыстырғанда кішкентай әрі қорғансыз екенін көресің. Оның түсі таңғажайып – мен бұрын-соңды кездестірмеген көгілдір реңк. Бұл қадірлеуге тиісті, бірақ біз қадірлемейтін топырақтың бөлігі. Ғарышта мен жер-анамды қатты сағындым ... ұшу кезінде бұл сағыныш Жерге оралғанға дейін созылды», – деп еске алады Т. Әубәкіров.
Оның ғарышта болу ұзақтығы – 7 күн 22 сағат 13 минут. Ол бірінші қазақстандық «Ғарыш-Қазақстан» ғарыш бағдарламасы бойынша эксперименттер жүргізіп, кеуіп қалған Арал теңізінің үстіндегі тұз құйындарын жазып, сондай-ақ медициналық зерттеулер үшін өз қанының сынамаларын алды.
Қазақстан халқы Тоқтар Әубәкіровті көптеген марапаттарға ие болған тәжірибелі ұшқыш және ғарышкер ретінде құрметтейді. Оның марапаттары: «Құрмет Белгісі» ордені (1987); Кеңес Одағының Батыры (1988); Ленин ордені (1988); Австрия Республикасының екі «Алтын Крест» ордені (1988 және 1993 жылдар); КСРО-ның еңбек сіңірген сынақшы-ұшқышы (1990); КСРО ұшқыш-ғарышкері (1991); «Қазан Революциясы» ордені (1991); Қазақстанның ұшқыш-ғарышкері (1994); «Халық қаһарманы» атағы (1995); Отан ордені (1995); «Ғарышты игеруге сіңірген еңбегі үшін» медалі (2011 жылғы 12 сәуір); Отан алдындағы ерекше еңбегі, ғарыш кеңістігін игеруге қосқан ерен еңбегі үшін ол Қарағанды, Көкшетау, Атырау қалаларының «Құрметті азаматы» атағына ие болды.
Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген спорт шебері Т. Әубәкіровтің волейболдан 1 разряды, парашютпен секіруден үшінші разряды бар.
Тоқтар Оңғарбайұлы өзінің қоғамдық қызметінде жастарға көп көңіл бөледі: «Мен үшін жастар – болашағымыз. Біз оларға тәрбие, білім беріп ғана қоймай, шынайы өмір сүруге үйретуіміз керек. Адамзат адамның еркін, адал, парасатты болу үшін туатынын ұмытпауы тиіс. Мен үнемі осы қасиеттерді айтып отырамын. Өз жұмысымды әрі қарай жалғастырамын, жастармен жүздесемін, өмірлік сабақ беремін, басты назарды жастарға аударғым келеді».
Ғарышты бағындыру – ең қауіпті жұмыстардың бірі. Адамзатқа бүгінгі күннің батырларының бастан өткерген оқиғалары қызықты. Осы тақырып аясында «Биіктерді бағындырған», «Өмір-дастан. Тоқтар Әубәкіров» секілді деректі фильмдер түсірілді.
Елбасы кітапханасынан оқырман Тоқтар Әубәкіров туралы мына басылымдармен таныса алады: Қазақстанның ғарышкерлері: 1991-2015: Ақпараттық анықтамалық (Құрастырған Нұрғалиева С.К., Қанғожин И.Б.); Серғазин Е. «Атақты ұшқыш және ғарышкер Тоқтар Әубәкіров өзінің мерейтойын атап өтеді» (Казахстанская правда).
Елбасы кітапханасының экспозициясында
Т. Әубәкіровтің ұшқыш-ғарышкер қолғабы, оның бейнесі басылған марка жәдігерлері ұсынылған. Сондай-ақ, Елбасы кітапханасының архивінде қазақ ғарышкері Т. Әубәкіровтің Тұңғыш Президент Н.Ә. Назарбаевтың атына жолдаған құттықтау хаты сақталған.
