Жапония астанасы Токиода Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасының «Қазақстан-Жапония: ядролық қарусыз əлемге жол» ғылыми-экспозициялық жобасы жалғасуда. Бүгін Елбасы кітапханасының делегациясы Жапонияның ірі мәдени орталықтарының бірі Токио ұлттық музейінде болды. Сапар барысында Елбасы кітапханасының директоры Əмірхан Рахымжановтың Токио ұлттық музейінің директоры Масами Дзениямен кездесуі өтті.
Токио ұлттық музейі - Жапонияның бір жарым ғасырға жуық тарихы бар алып мұражайы.
Музейдің тарихы 1872 жылғы ашылған көрмеден басталады, сол кездің өзінде-ақ көрмені 150 мыңға жуық адам тамашалаған екен. Бастапқы уақытта көрмені дайындап, өткізу үшін Мәдениет жəне білім министрлігі жанынан Музей атауымен арнайы мекеме құрылған болатын. Осы мекеме Токио ұлттық музейінің түпбейнесі болды.
Қазіргі уақытта Токио ұлттық музейінің топтамалары 120 мыңға жуық сақтау бірлігін құрайды. Олардың қатарында бейнелеу және қолданбалы өнер туындылары, металдан жасалған бұйымдар, қару-жарақ, əскери сауыт-саймандар, керамика, лакты бұйымдар, маталар, сәулет ескерткіштерінің үлгілері, сондай-ақ археологиялық олжалар, тарихи жəне этнографиялық материалдар, көптеген тақырыптық басылымдар мен фотоматериалдар бар.
Қазақстандық делегация басшысы құттықтау сөзінде Жапонияның бай тарихымен жан-жақты танысуға мүмкіндік берген экскурсия үшін музей басшылығына ризашылығын білдірді. Ə.Рахымжанов Елбасы кітапханасының «Қазақстан-Жапония: ядролық қарусыз əлемге жол» ғылыми-экспозициялық жобасының Токиода жүзеге асырылуы елдеріміз арасындағы жемісті ынтымақтастық, екі ел халқын мəдени жəне рухани жақындастыру, сондай-ақ жаһандық көшбасшысы Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев саналатын ядролық қарусыз әлем қалыптастыру қозғалысын күшейту жолындағы тағы бір оң қадам болатынына сенімін білдірді.





