«Қазақстандық жол», «Мәңгілік ел» тақырыптарына теріскейлік жастар үңілді. 15-16 наурыз күндері «Әлемді өзгертетін идеялар» семинар-тренингісі Солтүстік Қазақстан және Қостанай облысының 50-ден астам оқушысын тоғыстырды. Балалар мазмұнды дәрістерде еліміздің өткенін, бүгінін және болашағын зерделеді. Біліп-түйгендерін тренингтерде ортаға салып, туған жерді өркендетуге бағытталған әлеуметтік жобаларын паш етті. Бірі тарихты дәріптейтін сапалы анимациялық туындылардың қажеттігін алға тартса, екіншілері туризмді дамытудың жолдарын тергіштеді. Тәнзилә Жақсылықова еліміздің сыртқы саясатына қызығушылық танытады. Семинар-тренингте білім көкжиегін кеңейткен теріскейлік жас келешекте халықаралық ықпалдастықты нығайтуға атсалыспақ.

– Президентіміздің тағылымы мол, өнегелі өмір жолына бой түзеймін. Елбасы кітапханасындағы «Әлемді өзгертетін идеялар» семинар-тренингісі арқасында Астанаға тұңғыш рет жол түсті. Басқа аудандардан, облыстан келген қатарластарыммен пікір алмасып, тез тіл табысып кеттік. Елбасының үш тұғырлы тіл саясатын қаперге алған балалардың аз еместігіне қуандым. Туған тілді құрметтеу – міндет, өзге тілді білу – заман талабы. Мен түрлі байқауларда бағымды сынап, білімімді шыңдауға тырысамын. Екі күндік семинар-тренингте жаңа деректер мен мәліметтерге қанығып, қажеттіні түртіп алдық. Дәрістер дәстүрлі үлгіде емес, қызықты өтті. Біз еліміздің болашағын көзімізге елестетіп, қосатын үлесіміз жайлы ой бөлістік. Енді білікті маман атанып, абыройлы және адал қызмет етуді армандаймын, - деп өзінің өмірлік жоспарларымен Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданы Кеңес орта мектебінің 10 сынып оқушысы бөлісті.

Қостанайлық Асылжан Өмірзақовтың бүйрегі өнерге бұрады. Дарынды оқушы елдің мәйегіне айналған мәдениеттің асығын алшысынан түсіруге асық.
– Астанада өтетін «Жас Ұлан» республикалық әндер фестивалінің дипломанты болсам да, қалаға келген сайын елорданың сұлулығына тамсанамын. Елбасы кітапханасы да бай ақпараттық қорымен тәнті етті. Семинар-тренингті жүргізген Елбасы кітапханасының қызметкерлері өз ісінің кәсіби мамандары екенін дәлелдеді. Олар әр оқушыны жұмысқа қатыстырып, бәріміздің тақырыпқа қызығушылығымызды оятты. Семинар-тренинг жаңашылдығымен ерекшеленеді. Мәселен, жаттығулар барысында 2027 жылда өнер саласының қалай түрленетіні жайлы пікірімізді білдірдік. Талдау кезінде өнерге деген құлшынысым артып, келешекте мәдениет саласын дамытуға үлес қосуды шештім, - дейді Қостанай облысы Амангелді ауданы Б.Қолдасбаев атындағы жалпы білім беретін орта мектептің 9 сынып оқушысы.

Семинар-тренингке қатысушылар Елбасының бастамалары мен идеяларын кеңінен зерделеді.
– «Әлемді өзгертетін идеялар» жобасына үшінші рет қатысып отырмын. Биылғы дәрістер өткен жылмен салыстырғанда өзгеше. Оның мазмұнына, өткізу тәсіліне жаңашылдық енгізілгені бірден көзге түсетінін айта кеткен жөн. Коучинг әдісі семинар-тренингті мазмұнды ете түскен. Оқушылардың жас ерекшеліктері есепке алынып, оларға кәсіптік бағдар беру негізге алынған. Практикалық жаттығулар еліміздегі өзекті мәселелерді жан-жақты ашып, жастардың бойындағы патриоттық сезімдерді нығайта түседі. Әлеуметтік жоба Қазақстанның түкпір-түкпірінен білімді және дарынды балалардың басын қосатыны қуантарлық жайт. Семинар шалғай ауылдардан келген оқушылардың көңілінен шыққаны соншалық, туған жерге оралғысы келетін олар достарымен алған әсерімен бөлісуге асық, - деп өзінің пікірін «Қостанай дарыны» өңірлік ғылыми-практикалық орталығының әдіскері Бақытгүл Сапарова ортаға салды.

